Украинада мерзімінен бұрын өткен парламенттік сайлауда ел президенті Владимир Зеленскийдің партиясы жеңіске жетті. Экзитполдың дерегіне сәйкес, «Слуга народа» 44,2 пайыз дауыс жинаған. Сонымен қатар, тағы 4 саяси партия Жоғарғы Радаға өтті. Олар: Юрий Бойконың «Опозиційна платформа — За життя» партиясы, Петр Порошенконың «Европейська солідарність», Юлия Тимошенконың «Батьківщина» және «Океан Эльзы» тобының әншісі Святослав Вакарчуктың «Голос» партиясы.
Парламенттік сайлау аралас жүйе бойынша өтті. Депутаттық корпустың жартысы, яғни - 225 адам партиялық тізіммен, ал қалғаны – мажоритарлық округ бойынша сайланған. Яғни, халық партияға емес, нақты бір үміткер үшін дауыс берді.
Сайлаудың ресми нәтижелері тамыздың 5-іне дейін белгілі болады.
Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ