Албанияда ереуілшілер полициямен қақтығысып қалды

14.05.2019

Албания астанасы Тиранада мыңдаған адам үкіметке қарсы шеруге шығып, полициямен қақтығысып қалды. Олар елдің премьер-министрі Эди Раманың қызметтен кетуін талап етіп отыр. Бейбіт басталған шерудің соңы тәртіпсіздіктерге ұласқан. Ашулы жұрт тәртіп сақшыларына тас лақтырып, түтіндеткіш құралдарды жарды. Сондықтан полиция көз жасаурататын газ бен суатқыш қолдануға мәжбүр болған.

Айта кетсек, елде үкіметке қарсы демонстрациялар ақпан айынан бері өтіп жатыр. Халық үкімет басшысының саясатымен келіспей, оны сайлау нәтижелерін бұрмалады және жемқорлыққа жол берді деп айыптауда. Сонымен қатар, шерушілер мерзімінен бұрын сайлау өткізуді талап етті. Дегенмен, Рама қызметтен кетпейтінін айтып, сайлау өткізуден бас тартып отыр.

Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу