Мәскеуде жаһандық қауіпсіздік мәселесіне қатысты халықаралық конференция өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде жаһандық қауіпсіздік мәселесіне қатысты халықаралық конференция өтті

26.04.2019

Әлемнің көптеген еліне террористік және эстремистік ұйымдар тарапынан төнетін қауіп сейілмей тұр. Сондықтан халықаралық қауымдастық, бұл қатермен күресте «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» қимылдауы керек. Осы және өзге де өзекті мәселелер Мәскеу қаласында өткен халықаралық қауіпсіздік жөніндегі конференцияда талқыланды.

111 мемлекеттен келген мыңнан аса делегат, оның ішінде 35 елдің қорғаныс министрлері жаһандық қауіпсіздіктің жай-жапсарын жан-жақты пысықтап, қазіргі замандағы түрлі қауіп-қатермен күресудің жолдарын бірлесе іздеді. Отырыста, сонымен қатар, киберқылмыспен күрес, теңіздегі қауіпсіздік, әлем бойынша қырып-жоятын қару түрлерін азайту сынды мәселелер де қаралды.

Владимир Норов, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының бас хатшысы:

- Қазір бүкіл әлем бойынша тұрақсыздық факторлары күшейіп келеді. Жаппай қарулану қаупі артып, көптеген аймақтардағы кикілжіңдер тыйылмай тұр. Тұтас Еуразия кеңістігі үшін террористік және экстремистік ұйымдар тарапынан төнетін қатер де жоғары. Сондықтан әлемдік қауымдастық бірлесе және келісе отырып қимылдауы керек. Ал, ол үшін барлық мемлекеттер, негізгі үйлестіруші ретінде БҰҰ-ны негізге ала отырып, күш біріктіруі қажет.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу