Басты Жаңалықтар Шымкентте 200 орындық перинаталдық орталық салынып жатыр

Шымкентте 200 орындық перинаталдық орталық салынып жатыр

Шымкентте Мемлекет басшысының тапсырмасымен 200 орындық жаңа перинаталдық орталық салынып жатыр. Халықаралық стандарттарға сай жабдықталатын кешенде жоғары мамандандырылған акушерлік және неонаталдық көмек көрсетіледі. Қазір құрылыс алаңында әріптесім Ернұр Уәлихан тікелей байланысқа шығуға дайын. Ернұр, құрылыс қарқыны қалай? Жаңа орталықта қандай медициналық мүмкіндіктер қарастырылған?

Ернұр Уәлихан, тілші:

Қазір біз Ақжайық шағын ауданында салынып жатқан перинаталдық орталықтың құрылыс алаңында тұрмыз. Жұмыс сәуір айында басталған. Бүгінде қазаншұңқыр қазылып, іргетасты бетондау жұмыстары жүргізілді. Орталық толық іске қосылғанда, 200 орындық тәулік бойғы стационар жұмыс істейді. Ауыр патологиясы бар әйелдерге де қажетті медициналық көмек көрсетуге жағдай жасалады. Орталықта акушерлік және неонаталдық бөлімшелермен қатар, арнайы зертханалық-диагностикалық бөлімше де болады. Мұнда қажетті тексерулер жүргізіліп, ана мен жаңа туған нәрестенің жағдайын жан-жақты бағалауға мүмкіндік болады. Ал жоғары технологиялық медициналық жабдықтар күрделі жағдайдағы пациенттерге қажетті көмекті дер кезінде көрсетуге жол ашады. Орталықтың қызметі Шымкентпен ғана шектелмейді. Түркістан облысының іргелес аудандарынан да пациенттер қабылданады. Қазір негізгі құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Нысанды келер жылдың қыркүйегінде пайдалануға беру жоспарланып отыр. Айта кетейік, бүгін еліміз үшін маңызды әрі тарихи күн. Жер-жерде азаматтар өз таңдауын жасап жатыр. 


Бөлісу