АҚШ-та кәсіптік-техникалық білім қолжетімді. Community-колледждері талапкерлерге 2 жылдық оқу бағдарламасын ұсынады. Ал түлектеріне кез келген университеттің үшінші курсынан бастап білімін шыңдауға мүмкіндік берілген.
АҚШ-та 1100-ден астам кәсіптік-техникалық колледж бар. Оқу құны 6 мың мен 9 мың доллар аралығында. Бұл - университеттің бір жылдық ақысынан екі есе арзан. Соған қарамастан, оқытушылар құрамының білім-білігі жоғары оқу орындарынан кем түспейді.
Эдвард Бонахей, Santa Fe колледжінің басқарма өкілі:
Community-колледждері – адамдардың тұрмыстық деңгейіне немесе жас шамасына қарамастан білім алу мүмкіндігін жеңілдетіп, әрі жұмыс істеу үшін ашылды. Бұл біздегі демократияның бір көрінісі. Кедейшілікті жоюға көмектеседі.
Әзірге шетел студенттерінің дені Community-колледждері жөнінде білмейді. Дегенмен, былтыр 95 мыңға жуық адам осы оқу орындарын тәмамдап шыққан.
Омар Довас, Nova колледжі ақпараттық қауіпсіздік факультетінің студенті:
Менің кәсіптік-техникалық колледжді таңдаған себебім – ондағы оқу университетке қарағанда әлдеқайда арзан. Мұнда шетелдік студенттерге өте жақсы көмектеседі. Колледж қызметкерлері оқу барысындағы әр қадамыңды түсіндіріп береді. Оқуыңды аяқтағаннан кейін, жұмыс табуыңа да қолдау көрсетеді. Екі жылдық «Аssociate» бағдарламасын бітіріп-ақ қызметке тұруға болады. Тілді жетік меңгеру үшін де жағдай жасалған.
Дегенмен, университет пен колледждің айырмасы бар. Батыс елдеріндегі университет – ол өз алдына қалашық. Яғни, білім алумен қатар, тынығу және шынығу нысандарымен толық қамтылған. Ал кәсіптік-техникалық колледждерде, әдетте, білім беру корпустары ғана орналасады. Мемлекеттік немесе қалалық органдар қаржыландырады. Елдегі ірі штаттардың бірі Калифорнияда жергілікті тұрғындардың 70 пайызы оқуын арнайы колледждерде бастап, кейін университеттерде жалғастырып дипломдарын алған. Бұл жоғары және орта оқу орындарының қатар дамып жатқанын айқындайды.
Нысаналы ЫҒЫЛ, Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ