Басты Жаңалықтар Түркияда дауыс берушілер белсенді

Түркияда дауыс берушілер белсенді

Түркиядағы төрт сайлау учаскесінде де дауыс беру жалғасып жатыр. Құрылтай сайлауына орай Ыстанбұл қаласындағы №419 сайлау учаскесінде мерекелік шара ұйымдастырылған. Ол жерде қазақтың ән мен күйі шырқалып, ұлттық тағамдарымыз таратылуда. Бауырлас елдегі дауыс беру науқаны туралы бізбен тікелей байланысқа шығып тұрған тілшіміз Айдос Әшімұлы жеткізеді.

Айдос Әшімұлы тілші:

Ыстамбұл қаласындағы №419 сайлау учаскесінде бүгін мерекелік көңіл күй. Түркияда тұратын отандастарымыз таңғы жетіден бастап өз таңдауларын жасауда. Учаскенің алдына киіз үй тігіліп, келген халыққа жастар ән мен күйден шашу шашып, ұлттық тағамдар таратылуда. Бұдан бөлек түрлі ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сыйлықтар да беріліп жатыр. Мұнда тіркелген дауыс беру құқығы бар азаматтардың көпшілігі кәсіпкерлер мен студенттер. Дауыс беру үшін Ыстанбұлға көршілес қалалардан да арнайы келгендер көп.

Гүлшеран Тершиоғлы, Бурса қалалық «Ахыска түріктері» ұйымының жетекшісі:

Біз бір топ қазақстандық дауыс беру үшін арнайы Бурса қаласынан келдік. Себебі ел болашағы біз үшін өте маңызды. Құрылтай сайлауы еліміздің демократиялық дамуы жолындағы үлкен қадам. Жастардың көптеп дауыс беріп жатқандығы да қуантады.

Айдос Әшімұлы тілші:

Түркияда барлығы 4 дауыс беру учаскесі бар. Олар Анкара, Ыстанбұл, Измир және Анталия қалаларында орналасқан. Сайлау учаскелері жергілікті уақытпен кешкі сегізге дейін ашық болады. 


Бөлісу