Украина Орталық сайлау комиссиясы саясатта мүлде тәжірибесі жоқ комедиялық актердің бірінші турда алға шығып, екінші айналымға өткенін растады. Ал, Петр Порошенко бұл науқаннан қатаң сабақ алған. Берілген дауыстар әлі саналып жатыр. Юлия Тимошенко болса, президенттік пост үшін бәсекеден шығып қалды.
Осыдан бірер сағат бұрын Украинаның орталық сайлау комиссиясы Владимир Зеленскийдің 30,33 пайыз дауыспен алда келе жатқанын растады. Ал, Петр Порошенко 16,44 пайызбен екінші, «Батькивщина» партиясының лидері Юлия Тимошенко үшінші орыннан көрінді. Дегенмен, кандидаттардың ешқайсысы бірінші айналымда жеңіске қажетті 50 пайыздан астам дауыс жинай алмады. Ал, екінші турға Зеленский мен Порошенко ғана қатысады. 41 жастағы комедиялық актер президент атанса, жемқорлықпен түбегейлі күресуге уәде беріп отыр.
Владимир Зеленский, президенттікке үміткер:
Жаңа мемлекетте жемқорлықсыз, парасыз өмір басталады. Бәрі жақсы болады. Біз жеңіске жетеміз. Бірақ мұны, әрине, халық шешеді.
Елдің қазіргі президенті Петр Порошенко болса, кешегі сайлаудан сабақ алғанын мәлімдеді.
Петр Порошенко, Украина президенті:
Мен қандайда бір эйфорияны сезініп тұрған жоқпын. Дегенмен, бұл өзім үшін де, командам үшін де қатаң сабақ болды. Өткен жылдарда жіберілген қателіктерді түзеу жолында жұмыс істеуге себеп бар. Бірақ, ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді.
Ал, Киевтің кейбір тұрғындары бұл сайлаудан кейін өмірлерінің жақсаратынына үміттеніп отыр.
Любовь Теплова, киев тұрғыны:
Әрине, сайлау нәтижелеріне көңілім толады. Зеленскийге дауыс бердім. Екінші турға Порошенко емес, Тимошенко өтеді деп ойладым. Дегенмен, жаман емес. Бәрі жақсы болады деп үміттенемін.
Елена Адаменко, Киев тұрғыны:
Иә, әдеттегідей, үміттенеміз. Алайда, нәтиже қандай боларын кім біледі?! Үміт бар. Әрине, Зеленский алда келеді. Болашағымыз тамаша болады деп сенгім келеді.
Қазір бюллетендердің 80 пайызға жуығы саналып бітті. Орталық сайлау комиссиясы 10 күн ішінде барлық дауыстарды есептеп, соңғы нәтижелерді жарияламақ. Ал, сайлаудың екінші туры сәуірдің 21-де өтеді.
Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ