Индонезияда таңертең апатқа ұшыраған жолаушылар «Боингі» бортында қазақстандықтар жоқ. Мұны еліміздің Сыртқы істер министрлігі хабарлады. 189 адам мінген лайнер көкке көтерілгеннен кейін көп ұзамай Ява теңізіне құлаған. Қазір ол 30-35 метр тереңдікте жатса керек.
Қазір ұшақ құлаған жерде іздеу-құтқару операциясы жалғасып жатыр. Оған әскерилер, полиция қызметкерлері тартылған. Бұған дейін судан адамдардың дене мүшелері, ұшақ сынықтары, қол сөмкелері, ұялы телефондар, жеке бас және жүргізуші куәліктері табылған. Билік өкілдерінің болжамынша, апаттан ешкім тірі қалған жоқ. Дегенмен, осы «Боингтың» иесі – «Lion Air» компаниясының мәлімдеуінше, жексенбіде лайнерден техникалық проблема анықталған.
Эдвард Сирайт, «Lion Air» бас директоры:
- Ұшақ бұған дейін Денпасардан Джакарта әуежайына ұшып келді. Тексерістен кейін ол қайта ұшуға рұқсат алды. Шынымен де, техникалық ақау туындап, біз оны жөндедік. Егер ұшақ сынған болса, ол Денпасардан ұшуға рұқсат алмас еді.
Құрдымға кеткен ұшақ бортында барлығы 189 адам болды. Олардың үшеуі - бала, екеуі - пилот, бесеуі - жолсерік. «Гардиан» газетінің хабарлауынша, жолаушылардың 20-сы - Индонезияның Қаржы министрлігінің қызметкерлері. Олар мінген «Боинг» Джакарта әуежайынан ұшқаннан кейін 13 минуттан соң кенеттен жағалаудан 15 шақырым қашықтықтағы суға құлаған. Бұл сәтті кемедегі теңізшілер көрген екен. Ал, ұшақ экипажы апаттан бұрын диспетчерлерден әуежайға қайта оралуды сұрап, оған рұқсат алған. Бәрі дұрыс болғанда, лайнер Джакартадан 1 сағаттық жердегі Панкалпинанг қаласына қонуы тиіс еді.
Джоко Видодо, Индонезия президенті:
- Біз отбасы мүшелерінің алаңдаушылығын түсінеміз. Қазір іздеу және құтқару тобы апат аймағында бар күшімен жұмыс істеп жатыр. Барлығыңызды сабырға шақырамын.
«Flightradar-24» қызметінің дерегінше, «Боинг 737 МАКС 8» ұшақтары алғаш рет былтыр қолданысқа берілген. Ол – «Боинг 737-нің» энергия үнемдейтін жетілдірілген түрі. Ал, Индонезияның көлік қауіпсіздігі комитеті мен «Lion Air» компаниясы трагедияның себептері туралы жорамал жасауға ерте екенін мәлімдеп отыр. Алайда, апат болған кезде күн ашық, қолайлы болған екен.
Соерджанто Тьяхйоно, Ұлттық авиация қауіпсіздігі комитетінің басшысы:
- Біз «белгі іздеу» құрылғысын қолданамыз. Өйткені, «қара жәшік» 390 килогерц жиілігінде дыбыс шығарады. Сосын дайверлерді «қара жәшіктің» жатқан жерін табуға жібереміз.
Айта кетсек, «Lion Air» - Индонезияның ең ірі бюджеттік әуе компанияларының бірі. Бұл жолғы апат - Индонезияның тез дамып келе жатқан авиация саласы үшін үлкен сын. Елдің бір кездері Еуропаға ұшуға тыйым салынған бірнеше авиациялық тасымалдаушысы 2007 жылы «қара тізімнен» шығарылған еді.
Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.