Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында тұратын өнертапқыш үй жылытуға арналған ерекше пеш  ойлап тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында тұратын өнертапқыш үй жылытуға арналған ерекше пеш  ойлап тапты

22.10.2018

Аманбол Құмарбекұлы есімді қандасымыз инновациялық туындысын құрастыруға 2 жылын жұмсаған. Пештің ерекшелігі – үнемділігінде. Ол ұсақ көмірмен жанады.

Аманбол Құмарбекұлы жаңа пештің ерекшелігі туралы сағаттап айтуға бар. Өйткені, оны өзі ойлап тапқан. Көмірдің ұнтағымен-ақ үйді жылытатын қондырғыны жасап шыққанша екі жыл уақыты кеткен.

Аманбол Құмарбекұлы, өнертапқыш:

- Ұсақ көмір бізде арзан болғандықтан, соны жағу керек, халық соны пайдалану керек. Қазір ол текке қалып отыр ғой. Ол арзан, халыққа экономикалық жағынан тиімді. Сол жағынан істеліп, шығып жатыр бұл пеш.

Аманбол электрші мамандығын оқыған. Сол алған білімі пештің басқару жүйесін жасағанда кәдеге жарады. Көмірдің бункерден түсіп, отынның белгілі температураға дейін қызуын реттейтін электронды схеманы өзі құрастырып шыққан. Дәнекерлеген де өзі. 

Инновациялық пешті алғашқы болып сатып алғандардың бірі Қайролла Қартанұлы. Айтуынша, қазір 2 қабатты үйі қайнап тұр. Ақшаға да үнем, өйткені ұсақ көмірдің бағасы арзан.

Қайролла Қатранұлы, Баян-Өлгий қаласының тұрғыны:

- Апаң келмейді, осында атасы ғана жұмыстайды. Апа жоқ, бұған келуге хақы жоқ. Енді ол қышқашын тастады, күлмен алыспайды.

Аманбол – Баян Өлгийдегі атақты қолөнер шеберінің отбасында дүниеге келген. Әкесі Құмарбек Қанжарбайұлы темірден түйін түйіп, тас, ағаш пен теріден ұлттық нақыштағы бұйымдар жасайды. Таяуда ғана жанармайсыз, су мен желсіз тоқ өндіріп тұратын қондырғы ойлап тауыпты.

Құмарбек Қанжарбайұлы, қолөнер шебері:

- Қытай, орыс, америка ғана жасайды деген емес. Қазақ та дүние жасай алады. Ата-бабамыз осы тау-тастың ортасында мал бақты ғой деп, біз де сөйтпей, осындай пайдалы, инновациялық қондырғы жасауға, қандай да бір жаңалыққа үйір болуымыз керек. Жастарға айтарым, ізденіс мықты болу керек. Бітпейтін іс жоқ.

Құмарбек Қанжарбайұлының 5 ұлы бар. Барлығы да темірге тіл, жаңқаға жан бітіретін шеберлер. Олар жасаған бұйымдарда қазақы иіс аңқып тұр. Ұлттық нақыш айқын сезіледі.

 

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу