Басты Жаңалықтар Шалғай ауылдар газдандырылып жатыр

Шалғай ауылдар газдандырылып жатыр

Ақтөбе облысында шалғайдағы елді мекендерді газдандыру жұмысы жалғасып жатыр. Бұл жолы Әйтеке би ауданына қарасты Тұмабұлақ ауылы көгілдір отынға қосылды.

Бұл күнді тұрғындар ұзақ жыл күткен еді. Ауылда кезінде 250-ден аса шаңырақ болған. Тоқсаныншы жылдары халық үдере көшіп, қазір 80 шаңырақ қалды. Ауыл ақсақалдары енді халық тұрақтайды, тұрмысымыз одан әрі жақсарады деп сенім білдіріп отыр. Елді мекен мен аудан орталығына дейінгі аралық 110 шақырым. Газдандыру жұмыстары биыл сәуір айында ғана басталған еді. Құрылыс барысында жалпы ұзындығы 54 шақырымдық газ құбыры тартылды. Жоба құны 827 млн теңге.

Ұлдай Алдамұратова, ауыл тұрғыны:

Ел болып қуанып жатырмыз. Қаншама жылдан бері осыны асыға күттік. Қуанышымызда шек жоқ.

Жоба Мемлекет басшысының ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру және елді мекендерді газдандыру туралы тапсырмасы аясында жүзеге асырылды. Осылайша Әйтеке би  ауданындағы 27 елді мекеннің 21-і табиғи газбен қамтылды. Жалпы, облыс бойынша алдағы уақытта тағы 40 елді мекен газдандырылады. Бұл жобалар толық жүзеге асқан жағдайда өңір халқының 99,6 пайызы көгілдір отынның игілігін көреді.

Дәулетияр Тоғызбаев, Әйтеке би ауданының әкімі:

Ауыл халқының біраз уақыттан бері сұранысы болып жүрген көгілдір отынға қостық. Жалпы, ауданда биыл 3 елді мекенді газға қосу жоспарда болған. Бүгін екінші ауыл. Күні ертең Жабасақ ауылын да газға қосатын боламыз.
Бөлісу