Елімізде ұлттық киім өндірісі дамып келеді
Елімізде ұлттық киім өндірісі қарқынды дамып келеді. Мәселен, Маңғыстау облысының өзінде 100-ге жуық дизайнер бар. Олар ұлттық киімді заманауи сәнмен үйлестіріп, ұсынуда. Солардың бірі - ақтаулық Гүлшат Жолдыбай кәсібін мемлекеттік қолдаудың арқасында бастап, бүгінде ұлттық киім тігетін сән үйін қалыптастырған. Ал түркістандық дизайнер Шәрбану Нұржау ұлттық нақыш пен заманауи үлгіні ұштастырып, кәсібін дөңгелетіп отыр.
Ақтаулық Гүлшат Жолдыбай ұлттық киім тігуді 2021 жылы бастаған. Алғашқыда шағын бутикте тапсырыс қабылдап, кейін кәсібін кеңейтті. Бүгінде қаланың қақ ортасында сән үйі жұмыс істеп тұр. Мұнда ұлттық нақыштағы киімнің түр-түрі тігіледі. Әсіресе ұзатылатын қыздар мен жас келіндерге арналған киімдерге сұраныс жоғары. Дизайнер кәсібін мемлекеттік қолдаудың арқасында бастаған.
Гүлшат Жолдыбай, Ұлттық киім дизайнері, өндіруші:
Алғаш осы бизнесті мемлекеттен жас кәсіпкер бойынша 515 мың теңге грантпен бастадық. Сол грантқа біз ең алғаш кесте тігетін машина мен тігін машинасын алып, солай осы бизнесті бастап кеттік, Үкіметтің қолдауының арқасында. Бүгінде жетістіктер өте көп. Бізде көбіне онлайн сауда көп болады. Көтерме бағада алатын басқа қалалардан Астана, Қызылорда, Ақтөбе қалаларынан бізден алып, өздерінде прокатқа беретін үлкен орнымыз бар.
Ұлттық киімге деген сұраныс Түркістан облысында да жоғары. Дизайнер Шәрбану Нұржау ұлттық нақыштағы киімдер мен бұйымдарды заманауи үлгіде шығарады. Бүгінде ол ұлттық киімдерін брендке айналдырып, миллиондаған табысқа жеткен. Түрлі көрмелер мен байқауларға қатысып жүрген ол қазір Түркістанда өз дүкенін ашып, ондаған әйелді жұмыспен қамтып отыр. Дизайнер киім үлгісінде әйел затына тән нәзіктікке ерекше мән береді. Сонымен қатар матаның сапасына аса көңіл бөледі.
Шәрбану Нұржау, ұлттық киім дизайнері, өндіруші:
Мына образға көңіл бөлетін болсақ, бұл қазіргі таңда көбінесе ұмытылып бара жатқан образдардың бірі. Өйткені XIX ғасырда әжелеріміз, апаларымыз, шаруада жүрген әйел ханымдарымыз киген. Мынау белдемшені біз енді қазіргі заман талабына сай сәндеп шығардық. Бірақ ол кезде мына белдемшені түйенің жүнімен тіккен.
Бүгінде қазақстандық дизайнерлер ұлттық киімдерді заман талабына сай бейімдеп, күнделікті өмірге енгізуге күш салып келеді. Олардың басты мақсаты - заманауи сәнмен үйлескен ұлттық киімдерді брендке айналдырып, әлемге таныту.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы