Ұлыбританияда «Брекситке» қарсы шеру болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда «Брекситке» қарсы шеру болды

24.09.2018

Ұлыбританияда «Брексит» төңірегіндегі дау тыйылар емес. Брюссель премьер-министр Тереза Мэйдің Еуропалық одақпен ажырасу жөніндегі жоспарын қабылдамады. Өйткені, онда Лондонның осы аймақтық блокпен еркін сауда келісімін жасай отырып, Ирландия Республикасымен арадағы бұрынғы шекара шарттарын сақтап қалатыны көрсетілген. Ал, мұнымен келіспегендер қазір Мэйден жаңа жоспар талап етіп отыр. Ондай құжат дайын емес. Одақтан кету туралы келіссөздер болса, келесі айда аяқталуы тиіс. Осындай шақта Британияда «Брексит» жайлы референдумды қайта өткізу туралы ұрандар жиі көтеріліп отыр.

Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында «Брекситке» қарсы шеру өтті. Демонстранттар  корольдіктің Еуропалық одақтағы болашағы жайлы референдумды екінші рет өткізуді талап етіп отыр. Бұған себеп - жексенбі күні оппозициялық жұмысшылар партиясының жыл сайынғы конференциясы түрткі болды.

Одақ туын ұстаған шерушілер Британияның ЕуроОдақтан бөлінуін тоқтату керек деп есептейді. Сонымен қатар, лейбористер лидері Джереми Корбин да референдумды қайта өткізу идеясын қолдады. Сондай-ақ, парламент мүшелерінің арасында да бұл бастамаға жақтастар бар.

Сиобэн Макдонах, парламент мүшесі:

- Бүгін біз Еуропалық Одақ пен «Брексит» жайлы айтамыз. Тағы дауыс беру керек пе, жоқ па, соны нақтылап алу қажет? Ең бастысы - халықтың шешімі.

Ұлыбритания 2019 жылы наурыздың 29-да аталған одақтан шығуы керек. Дегенмен, бірқатар  сарапшылар бұл - болашақта елдің экономикалық және саяси жағдайына нұқсан келтіреді деп алаңдап отыр. Сондай-ақ, британдықтардың көбі «Брексит» халықтың әлеуметтік жағдайын күрт төмендетіп жібереді деп қауіптенеді. Соңғы деректер бойынша шеруге шыққандардың көбі жастар екен.  

Люк Майер, шеруші:

- 2016 жылы референдум кезінде бізге берілген уәделер орындалған жоқ. Қазір үкіметте хаус болып жатыр десем артық емес. Сауда қатынасы нашарлап, кәсіпорындар шығынға батты, ауруханалардың жұмысы да лайықты деңгейде жүрмей жатыр. Халықтың көбінде ақша жоқ. Шындықты мойындайтын мезгіл жетті. Барлық берілген уәделер іске асып жатқан жоқ. Біз жастар қашанға үндемей отыра береміз. 

2016 жылы маусым айында өткен бірінші референдумда «Брекситке» дауыс бергендердің көбі үкімет осынша қиындықтарға тап болады деп ойламаған. Сол кезден бері одақтан шығу төңірегіндегі даудың кесірінен үкіметтен 13 адам кетті, парламент 33 орын жоғалтты. Сонымен қатар, АҚШ президенті болып Дональд Трамп сайланғалы, екі мемлекет арасындағы сауда қатынасы бұзылған. Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің де жұмысы нашарлады. Қысқасы, референдум қарсаңында берілген уәделер уәде күйінде қалды. Бұған қоса, ұлттық валюта арзандап, экономикадан тұрақтылық кетіп, корольдікте көптеген проблемалар ушықққаны байқалып отыр.

 

Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу