Бүгін Сирияда Ресейдің Су-30 деген жойғыш ұшағы құлап, 2 пилот мерт болды. Әскерилердің сөзінше, ол атып түсірілген жоқ. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, әуе машинасының моторына құс кіріп кетсе керек.
«Ұшақ үшін соңғы минутқа дейін күрескен екі ұшқыш қаза тапты», - деп хабарлайды Ресей Қорғаныс министрлігі.
Су-30 Мәскеу уақытымен таңертең сағат 10-ға 15 минут қалғанда Жерорта теңізінің үстінде апатқа ұшыраған. Ол Хмеймимдегі базадан көтерілген соң осындай жағдайға тап болыпты.
Осылайша, Ресейдің Сирияда жоғалтқан ұшақтарының саны жетіге жетті және де Мәскеу бұл Араб Республикасында әскери операция бастағалы, 85 жауынгерінен айрылғанын ресми түрде мойындап отыр.
Арыстан РЫСБЕК
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.