Ұлыбритания СІМ: Асад тағы да химиялық шабуыл жасаса, ақымақ болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбритания СІМ: Асад тағы да химиялық шабуыл жасаса, ақымақ болады

16.04.2018

АҚШ, Мәскеу Сирия үкіметін қолдағаны үшін бүгін Ресейге қарсы жаңа санкциялар жариялмақ. Вашингтонның бұл жоспарын Кремль ел компанияларын әлемдік нарықтан ығыстыруға бағытталған әрекет деп атады. Ал, химиялық қаруға тыйым салу ұйымының инспекторлары Дамаск түбіндегі Дума қаласына баруды жоспарлап отыр. Алайда, олардың хлорин газының ізін табуы екіталай.

Қазір Сирия астанасы Дамаскте жүздеген адам шеруге шығып, АҚШ пен оның одақтастарының өткен аптада жасаған әуе соққыларына наразылық білдіріп жатыр. Және де демонстранттар сол түні батыстың шабуылына қарсы тұра білді деп армияға мақтау айтты. Ал, химиялық қаруға тыйым салу ұйымының инспекторлары бірнеше күннен бері Сирияда жүр. Олардың мақсаты – «Дамаск түбіндегі Думада хлорин газы мен сарин қолданылды ма?», деген сауалға жауап табу. Дәл осы токсиннен сәуірдің 7-де 40-тан астам адам мерт болды деген болжам бар.

Борис Джонсон, Ұлыбритания Сыртқы істер министрі:

- Әзірге үстелде жатқан дайын жоспар жоқ. Асад тағы да химиялық шабуыл жасаса, ақымақ болады. Егер ол мұндай әрекетке қайтадан барса, біз одақтастарымызбен бірігіп, оған қарсы қандай шара қолданатынымызды ойластырамыз.

Айта кетсек, Дума жақында Асад армиясы мен Ресей әскерилерінің қолына өтті. Сондықтан, жергілікті оппозиция одан химиялық қарудың іздерін енді табу мүмкін емес дейді. Мәскеу болса, адамдарды хлоринмен қырғынға ұшыратқан шабуылды Ұлыбритания ұйымдастырды деген пікірде. Ал, Лондон мен Вашингтон бұл трагедия үшін Сирия үкіметін айыптап отыр. Әрине, Президент Башар Асад өзіне тағылған кінәні жоққа шығарды.

Дегенмен, Сирия президентінің мұндай мәлімдемелері Батысты тоқтата алмады. Естеріңізге сала кетсек, өткен аптаның соңында АҚШ, Ұлыбритания, Франция ұшақтары Сирияда үш нысанға соққы берді. Вашингтонға сенсек, солардың бірінде химиялық және биологиялық қару өндіріліп, сыналған. Алайда, Дамаск мұны да мойындамай отыр.

Саед Саед,  фармацевтикалық және химиялық өнеркәсіпті дамыту орталығының басшысы:

Егер бұл ғимаратта химиялық  қару болса, біз мұнда жүрмес едік. Келсек те, маска тағар едік. Таңертеңнен бері осындамыз.

Пентагонның мәлімдеуінше, сол түні жіберілген 105 ракетаның біреуі де құлатылған жоқ. Алайда, Ресей олардың 71-нің атып түсірілгенін хабарлап отыр.

Кремль басшысы Владимир Путиннің ескертуінше, Батыс Сирияға тағы да шабуыл жасайтын болса, әлемдік істер бей-берекетсіздікке ұшырайды.

Ал, еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тұрақты елшісі Қайрат Омаров Қауіпсіздік кеңесінің Сириядағы жағдайға арналған отырысында тараптарды Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы мен халықаралық құқықты сақтауға шақырды.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу