Сауд Арабиясының королі Салман бірнеше жоғары лауазымды әскер қолбасшысы мен вице-министрді басқа қызметке ауыстырды. Болжамдарға қарағанда, осылайша монарх Йемендегі соғыста тығырыққа тірелген Қорғаныс министрлігіндегі кадрларды жаңартуға қадам жасап отыр.
Сауд Арабиясы Йеменде үш жылдан бері үкіметті қолдаушыларға көмектесіп жатыр. Ал, Иран – сол мемлекеттің астанасы мен бірнеше провинциясын басып алған шииттер жағында. Бұл соғыста қаза тапқандар саны 10 мыңнан асты. Қарулы жанжалдың аяқталар түрі жоқ.
Сарапшылардың пікірінше, Саудия армиясына бүгінде офицерлердің жас толқыны ғана емес, жаңа идеялар мен өзгерістер де қажет. Сонымен қатар, осындай реформа арқылы 32 жастағы принц Мұхаммед қарулы күштерді де өз бақылауына алмақ деген болжам бар.
Арыстан РЫСБЕК