Басты Жаңалықтар Орталық Азия елдері ынтымақты нығайтуды көздейді

Орталық Азия елдері ынтымақты нығайтуды көздейді

Орталық Азия елдері өзара сауда көлемін 20 миллиард долларға жеткізуге бағытталған ынтымақтастықты күшейтпек. Бұл мәселе Душанбеде IV Парламентаралық форумында талқыланды. Қазақстан делегациясын Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай бастап барды. «Орталық Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік және өркендеу жолындағы бірлік» тақырыбындағы жиында бес елдің парламент өкілдері аймақтың тұрақты дамуы мен ортақ мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын қарастырды. Қазақстан тарапы электрондық сауда, кедендік рәсімдер, көлік және өнеркәсіп салаларындағы заңнамалық тәжірибені алмасуды ұсынды. Сондай-ақ су және экологиялық қауіпсіздік, көші-қон мәселелері мен экономикалық интеграцияны тереңдетуге назар аударылды.

Айбек Дәдебай, ҚР Құрылтайының төрағасы:

Бүгін біз өңірлік, су және экологиялық қауіпсіздік, сондай-ақ экономикалық ықпалдастықты тереңдету мәселелерін талқылап жатырмыз. Мұның бәрі Орталық Азияның тұрақты дамуы үшін аса маңызды. Қазіргі сын-қатерлерге тек бірлесіп, парламенттеріміздің күшін біріктіріп, заң шығару жұмысын үйлестіріп, ортақ ұстаным қалыптастыру арқылы жауап бере аламыз деп сенемін. Парламенттік дипломатия нақты нәтижеге бағытталуы керек.

Бөлісу