Дамаск маңындағы Шығыс Гутада 190 адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дамаск маңындағы Шығыс Гутада 190 адам қаза тапты

20.02.2018

Сирия астанасы Дамаск маңындағы Шығыс Гута ауданына тура мағынасында аспаннан бомба жауап жатыр. Бүгін онда 49 адам мерт болды. Осылайша, жексенбіде басталған әуе шабуылдарынан қаза тапқандар саны 190-ға жетті. Тағы 850 адам жараланған. Құрбандардың 20-сы – бала, 15-і - әйел.

Оппозиция бақылауындағы Гутаны үкімет армиясы 2013 жылдан бері қоршауда ұстап тұр. Бірақ, мұнда дәл осындай қантөгіс соңғы үш жылда болмаған екен.

Асад армиясы бұл анклавты бомбалап қана қоймай, оған зымыран атып, зеңбірекпен оқ жаудырып жатыр. Сарапшылардың ойынша, үкімет осылайша Шығыс Гутаға жаяу әскер кіргізуге әзірленіп жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы аудандағы жағдайдың бақылаудан шығып бара жатқанын ескертіп, билік пен оппозицияны ымыраға келуге шақырды.

Айта кетсек, келесі айда Сириядағы соғыстың басталғанына 7 жыл толады. Осы уақыт ішінде жүздеген мың адам қаза тауып, шамамен 5 миллиондай тұрғын шетелдерге босып кетті.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу