Бұған дейін әлем ақпарат құралдары Сирияда америкалықтардың соққысынан жүздеген ресейліктің қаза тапқанын хабарлаған-ды. Алайда, бүгін Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеме жасады. Оның сөзінше, бұл Араб Республикасында жүрген ресейліктер Ресей армиясымен байланыста емес.
Дегенмен, құрбандар туралы деректер әртүрлі. «Новая газетаға» жүгінсек, сол операциядан 13 ресейлік жантәсілім еткен. Ал, өзге бір ақпараттарға қарағанда, қаза тапқандар саны - төртеу.
Ақпанның 7-де Дейр-әз-Зор провинциясында АҚШ-тың F-15 E, B-52 ұшақтары мен «Апач» тікұшақтары өздеріне шабуыл жасаған үкімет жақтастарына тойтарыс берді. Қарулы жанжалдан Асад армиясының 100-ден астам қолдаушысы мерт болған. Тәуелсіз зерттеушілердің болжамынша, Құрама Штаттар бастаған коалицияның соққысына Ресейдің «Вагнер» атты жекеменшік әскери компаниясының жауынгерлері де ұшыраған болуы керек. Осы хабардан кейін президент Владимир Путин сейсенбі күні жұмыс сапарын дереу доғарып, генералдармен жабық кездесу өткізген. Ал, Песков журналистерді мұндай оқиғалар туралы жазғанда абай болуға шақырды.
Дмитрий Песков, РФ президентінің баспасөз хатшысы:
- Қате ақпаратқа жүгінбеуге шақырамыз. Бұрмаланған мәліметтердің құрсауына түспес үшін мұндай оқиғаларды суреттеуге жауапкершілікпен қараған жөн. Сирия аумағында Ресей Федерациясының азаматтары болуы мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, еліміздің қарулы күштеріне олардың қатысы жоқ екенін де айтқан жөн. Дегенмен, не болса да, Ресей азаматтары өз азаматтарымыз болып қала береді.
Арыстан РЫСБЕК