Бұған дейін әлем ақпарат құралдары Сирияда америкалықтардың соққысынан жүздеген ресейліктің қаза тапқанын хабарлаған-ды. Алайда, бүгін Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеме жасады. Оның сөзінше, бұл Араб Республикасында жүрген ресейліктер Ресей армиясымен байланыста емес.
Дегенмен, құрбандар туралы деректер әртүрлі. «Новая газетаға» жүгінсек, сол операциядан 13 ресейлік жантәсілім еткен. Ал, өзге бір ақпараттарға қарағанда, қаза тапқандар саны - төртеу.
Ақпанның 7-де Дейр-әз-Зор провинциясында АҚШ-тың F-15E, B-52 ұшақтары мен «Апач» тікұшақтары өздеріне шабуыл жасаған үкімет жақтастарына тойтарыс берді.
Қарулы жанжалдан Асад армиясының 100-ден астам қолдаушысы мерт болған. Тәуелсіз зерттеушілердің болжамынша, Құрама Штаттар бастаған коалицияның соққысына Ресейдің «Вагнер» атты жекеменшік әскери компаниясының жауынгерлері де ұшыраған болуы керек. Осы хабардан кейін президент Владимир Путин жұмыс сапарын дереу доғарып, генералдармен жабық кездесу өткізген.
Арыстан РЫСБЕК