Тайваньда 6,5 балдық жер сілкінісі болып, 4 адам қаза тапты. Шамамен 225 тұрғын жараланып, 150-і із-түзсіз жоғалып кетті.
Дүмпу елдің шығыс жағалауынан 22 шақырым қашықтықта Хуалянь қаласында жергілікті уақытпен кеше кешкі сағат 23:50-де басталған.
Апаттан ірі төрт ғимарат құлады. Олардың қатарында көпқабатты үй мен «Маршал» қонақ үйі бар. Соңғы деректерге қарағанда, құтқарушылар үйінді астынан 28 адамды аман алып шықты. Куәгерлердің сөзінше, қонақ үйдің ішінде адамдар әлі бар.
Жергілікті тұрғын:
- Мен ғимараттан енді қашып шыққанымда, қабырға опырылып құлады. Әрең дегенде жаным қалды.
Қираған нысандардың қатарында бір әскери аурухана мен мейрамхана да бар. Сонымен қатар, Суао және Хуалянь қалалары аралығындағы шоссе уақытша жабылды. Жергілікті билік өкілдерінің хабарлауынша, қазір зардап шеккендерге көмек көрсетіліп жатыр.
Цай Инвэнь, Тайвань президенті:
- Бүгін апат болған жерлер қоршауға алынып, құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. Мұнда тәжірибелі мамандар шақырылды. Басты мақсатымыз - ғимараттардан шыға алмай қалғандарды құтқару. Бізде уақыт тапшы. Бұл күтпеген жайт болды.
Соңғы кездері Тайваньда жер сілкіністері жиілеп барады. Бұған жағалаудағы сейсмикалық тұрақсыздық себепші. Ал, осыдан екі жыл бұрын елдің оңтүстігінде болған зілзаладан 100 адам қаза тапқан еді. Ал, 1999 жылы дәл осындай апаттан 200-ден астам адам жан тәсілім еткен.
Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ