Кабулде қазақ азаматы құрбан болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кабулде қазақ азаматы құрбан болды

22.01.2018

Бүгін Ауғанстан астанасы Кабулден қайғылы хабар жетті. Осы елде жұмыс бабымен жүрген отандасымыз террористтік шабуыл құрбаны болғаны белгілі болды. Қазір дипломаттарымыз 1978 жылғы азаматтың мәйітін елге әкелуге барын салып жатыр. Қаза тапқан отандасымыздың аты-жөні жария болған жоқ. Бір белгілісі, марқұм телекоммуникация саласында қызмет еткен.

Өткен сенбіге дейін «Интерконтиненталь» қонақ үйі Кабулдегі ең қауіпсіз тұрақ саналған. Шетелдіктер бұл жерді күшейтілген күзеті үшін таңдайтын. Кешқұрым мұздай қаруланған 6 лаңкес қонақ үйге басып кіріп, тұрғындарды кепілге алады. Қарсы шыққандарға оқ атып, граната жарады. Қанды қырғыннан 43 адам қаза тапқан. Өкінішке қарай, олардың ішінде Қазақстан азаматы да бар.

Әнуар Жайнақов, ҚР СІМ баспасөз хатшысы:

- Біздің ақпарат бойынша бұл кісі қазан не қараша айында Ауғанстанға келді. Телекоммуникация саласында жұмыс істейтін бір ауған компаниясының шақыртуымен барған.

Ауған қарулы күштері мен содырлар арасындағы шайқас 17 сағатқа созылды. Нәтижесінде террористер жойылды. 150-ге жуық қонақ үй қонақтары құтқарылды. Сойқанды «Талибан» қозғалысы ұйымдастырған.

Мумтаз Ахмад, куәгер

- Кеше біз қонақ үйге орналастық. Кейінірек кешкі ас ішу үшін төмендегі ресторанға түстім. Отырып жайғаса берген кезде бірнеше содырды көрдім. Алды-артыма қарамай 4-қабатқа қаштым. Бөлмемнен жарылыс пен оқ атылғанын естідім.

Құрбан болғандардың көбі шетел азаматтары. Соңғы дерекке сай, олардың қатарында Украина, Германия, Грекия азаматтары бар.

 

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу