Әлемдегі байлықтың 82 пайызы байлардың қолында. Бұл туралы кедейшілікпен күрес жүргізетін Охfam халықаралық бірлестігінің зерттеу нәтижесі көрсетті. Өзге бір деректер бойынша дүниежүзіндегі миллиардерлер саны әр екі күн сайын өсіп, 2043-ке жетіп отыр. Осылайша, байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық үлкейіп, былтыр рекордтық деңгейге жетті. Охfam-ның мәліметінше, бұған дәулетті адамдардың салық төлеуден қашып, саясатқа араласып, еңбеккерлердің құқығын бұзып, акционерлердің табысын өсіруді ғана көздеуі себепші.
2017 жылы әлемде миллиардерлердің қаражаты жалпы алғанда 762 миллиард долларға артқан. Бұл ақша планетада кедейшілікті бір емес, жеті рет жоюға жеткілікті екен.
Осы проблема бойынша Oxfam бес жылдан бері есеп беріп келеді. Оның ақпаратына жүгінсек, тапқан ақшасы нанына жетпей жүрген кедейлер саны бүгінде жер шарында 3,7 миллиард адамға жетіп қалды.
Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ