Татарстандық инженерлер «көшпелі қонақ үй» ойлап тапты
Қалаға да, далаға да апарып орнатуға болатын бұл үйлерде 1 айға дейін өмір сүруге қажетті дүниенің барлығы бар. АТОММ – яғни, автономды модуль деп аталатын бұл жоба табиғат аясында демалғысы келетін туристер үшін «жайлы мекен» болғалы тұр.
Нұртас Солтанұлы, тілші:
- Шағын ғимарат туристерге арналған автономды модуль деп аталады. Қарапайым тілмен айтар болсақ, кез келген жерге апарып, жарты сағаттың ішінде орнатуға болатын шағын қонақ үй деген сөз. Яғни, қазандық инженерлер ойлап тапқан бұл жаңалықтың арқасында шағын қалалардағы қонақүй тапшылығы мәселесін шешуге болады.
Яғни, белгілі бір ауқымды шара өткізетін шаһарда қонақүй жетіспесе, осы модульдерді қаз-қатар қойып, қонақтарды қабылдай бересіз. Бастысы, бұл туризм саласы үшін таптырмайтын дүние. Себебі, оны түрлі демалыс орындары мен құрылыс салуға тыйым салынған жерлерге апарып қоюға болады.
Анвар Камалов, жобаның жетекшісі:
- Бұл модуль толықтай автономды режимде жұмыс істей алады. Айдалаға апарып қойсаңыз да, ол өзін-өзі су, жарық және жылумен қамтамасыз етеді. Мәселен, электр энергиясы Күн батареялары арқылы өндіріледі. Ал, тұрмысқа қажетті су алдын ала құйылады. Оның көлемі бір айға дейін жетеді.
Иван Кадошников, конвенш бюроның директоры:
- Бұл жоба өте қызық екен. Мәселен, шетелдік туристер табиғат аясында демалғысы келеді. Алайда, ол жерлерде ешбір инфрақұрылым болмайды. Оны салу үшін қыруар қаржы керек. Ал, мұндай модульдердің бірнешеуін өзеннің, көлдің жағасына қоя салса, анағұрлым арзан болар еді.
2-3 адамға арналған бұл қонақүйдің көлемі небәрі 19 шаршы метр. Есесіне, инженерлер оны барынша тиімді пайдалануға тырысқан. Осылайша, мұндағы шағын-шағын 3 бөлменің заманауи қонақ үйден еш айырмасы жоқ.
Анастасия Абрамова, жобаның арт-директоры:
- Бұл жерден қолайлы өмір сүруге керектінің барлығын табасыз. Қонақүйде екі кісілі төсек, киімдер мен заттарды сақтайтын шкаф бар. Жуынатын бөлме, тоңазытқыш пен тамақ әзірлейтін пеш те орнатылған. Бір сөзбен айтқанда, бұл толыққанды қонақ үй.
Модульдің іші қыста жылы, жазда қоңыр салқын. Толықтай ағаштан жасалған қонақ үй экологиялық тұрғыдан таза. Дайын бір модульдың құны шамамен 25 мың долларға пара-пар. Жобаның төл иелері енді оны кәсіпкерлер мен туристік компанияларға сату үшін келіссөз жүргізіп жатыр.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы