Палестинада қақтығыс күшеюі мүмкін

08.12.2017

Палестинада сан мың адам шеруге шығып, Израиль полициясымен қақтығысты. 31 адам жараланған. Наразылық акциялары Иордан өзенінің батыс жағалауында, Газа секторында, Иерусалимде өтті. Автономия әкімшілігінің ескертуінше, ай соңында Палестина басшылығы АҚШ вице-президенті Майк Пенсті қабылдай алмауы мүмкін.

Израиль тәртіп сақшыларының мәлімдеуінше, бүгін зорлық-зомбылық тіпті күшеюі мүмкін. Айта кетсек, наразылық акцияларының басталуына Құрама Штаттар президенті Дональд Трамптың Иерусалимді еврей мемлекетінің астанасы деп жариялауы себепші. Израиль бұл қаланы 1967 жылы толық басып алды. Алайда, палестиналықтар көне шаһардың шығысын өзінің болашақ мемлекетінің астанасы етуден үмітті.

«Хамас» қозғалысы болса, желтоқсанның 8-ін «ыза күні» деп жариялап, халықты үшінші интифадаға, яғни, Израильге қарсы көтеріліске шақырды. Ал, қарапайым палестиналықтар үш күнді «долы күн» деп атап, 30 шақты ауданда демонстрация өткізген. Мұндай акциялар Иорданияда, Мысырда, Пәкістанда да ұйымдастырылды.

 

Арыстан РЫСБЕК  

Хабарламаларға жазылу