Украинада 6 аптаның ішінде 4,8 млн бала босқынға айналған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинада 6 аптаның ішінде 4,8 млн бала босқынға айналған

12.04.2022

Украинада әскери қақтығыс басталғалы 6 аптада 4 млн 800 мың бала босқынға айналған. Бұл – осы елдегі балалардың 2/3 бөлігі. Бұл мәлімет Біріккен Ұлттар Ұйымының отырысында келтірілді. Сонымен бірге 142 бала мерт болған. Ұйымның дерегінше, қаза тапқан жасөспірімдердің саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Жиында Украина мен Ресейдің Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тұрақты өкілдері гуманитарлық ахуалға қатысты өз пікірін білдірді.Украина өкілі Сергей Кислица Ресей күштері қатыгездіктерге барып, жалған үгіт-насихат жүргізді деп айыптады. Ал Ресей өкілі Дмитрий Полянский мұны жоққа шығарып, Мәскеуге тағылған айыптардың еш дәлелі жоқ деп мәлімдеді.

Украинадағы соңғы жаңалықтарға келсек, Ресей күштерінің шабуылы Донецк пен Луганск облыстарында шоғырланған. Ұрыс Николаев пен Херсонда жүріп жатыр. Президент Владимир Зеленскийдің сөзінше, Ресей күштері Харковьте ондаған мың мина қалдырған. Тұрғындарға абай болу туралы ескерту жасалды. Сонымен бірге Украина билігі «Мариуполь Ресей күштерінің бақылауына өтті» деген ақпаратты жоққа шығарды. Британ барлаушыларының дерегінше, Донбасстағы әскери қақтығыс 2-3 аптада күшеюі мүмкін.

Тағы бір айта кететіні, тұрғындарды эвакуациялау бүгін де жалғасады. Бұл үшін 9 гуманитарлық дәліз жұмыс істеп тұр.

Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу