Францияда президенттік сайлаудың алғашқы кезеңі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Францияда президенттік сайлаудың алғашқы кезеңі өтті

24.04.2017

Франция басшысы Франсуа Олланд президенттік сайлаудың алғашқы турында жеңіске жеткен кандидат Эммануэль Макронды телефон арқылы құттықтады. Жексенбі күні француздар жаңа басшы үшін дауыс берді. Оның нәтижесі бойынша орталықшыл Макрон 23,7 пайыз, яғни, ең көп дауыс жинаған. Одан кейін, халықтың 21,7 пайыз қолдауын көрген «Ұлттық майдан» партиясының лидері Марин Ле Пен екінші турға өтті. Ал, жаңа президентті сайлайтын екінші кезең мамырдың 7-де өтеді.

Айта кетейік, Франция тарихында алғаш рет социалист немесе оңшыл-орталықшыл кандидат екінші турға өтпей қалды. Жалпы, Эммануэль Макрон Еуродақ пен халықаралық еркін сауданы қолдаса, Марин Ле Пен жаһандануға қарсы және Еуродақтан шығу туралы пікірді жақтайды.

Саяси бәсеке кезінде Франция бойынша 66 мың сайлау учаскесінде халықтың 70 пайызы дауыс берген. Сондай-ақ, оған барлығы 11 кандидат қатысқан еді. Ал, 39 жастағы Макрон жеңіске жетсе, Францияның ең жас президенті атанады.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу