Бұл туралы Бакуде өткен экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның VII отырысында айтылды. Былтыр өткен VI отырыста инновациялық кәсіпкерліктің болашағы талқыланса, биылғы жиында білім, ғылым, жалпыға қолжетімді технологияларды дамыту жайы да сөз болып, арнайы ұсынымдар қабылданды. Отырысқа Парламент Сенатының делегациясы қатысты.
ТҮРКПА мүшелері алдымен Әзірбайжанның жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің басына гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Сондай-ақ, азаттық пен аумақтық тұтастығы жолында қаза тапқан шахидтер аллеясындағы Мәңгілік алауға да барды. Ал, ынтымақтастық жөніндегі комиссияның VII отырысында бірқатар өзекті мәселе талқыланды. Соның бірі - жалпыға қолжетімді технологияны дамыту.
Мұстафа Левент Карахочагил, Түркияның ұлы ұлттық мәжілісінің депутаты:
- ТҮРКПА арқылы Түркияға өрнек беретін болсақ, әскери, қорғаныс саласындағы ұлттық өнім 70 пайызға жетіп отыр. Біз, яғни бұл саладағы өнімдерімізді өзіміз өндіреміз. Бұл тәжірибемізбен бауырлас елдермен бөліскіміз келеді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы әлемдік тұрақты дамуда маңызды орын алады. Бұл бағдарлама ТҮРКПА-ға қатысушы елдерде де жұмыс істейді. «Идеялардан кәсіпкерлікке дейін» жобасы стартап-қозғалыстар мен жастардың бизнес идеяларын қолдауға, инновациялар мен жаңа технологиялар енгізуге бағытталған. Жалпы, Қазақстанда 2002 жылы «Инновациялық қызмет туралы» заң да қабылданған. Қазақстан монополияны еңсеруге және бәсекелестікті дамытуға бағытталған түбегейлі өзгерістерді талап ететін нарықтық қоғамды қалыптастырды.
Ғылым мен бизнестің арасында берік байланыс болуы тиіс. Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның отырысында жаңа технологияларды енгізуге қатысты арнайы ұсынымдар қабылданды. Ол енді кезекті сессияда қаралады. 2008 жылы құрылған ұйым өзінің тиімділігін көрсетті.
Жалпы, Түркітілдес Парламенттік Ассамблея төрт бағыт бойынша жұмыс істейді. Ал ендігі VIII отырыс келесі жылы Нұр-Сұлтанда өтеді.
Индира БЕГАЙДАР
