Басты Жаңалықтар Павлодарда өрт сөндіруші роботты сынады

Павлодарда өрт сөндіруші роботты сынады

Павлодарлық құтқарушылар өрт сөндіруші роботты сынақтан өткізді.

Бұл әзірге елімізде баламасы жоқ құрылғы. Құлтемір қысы жазы бірдей қолданылады. Бензинмен жұмыс істейтіндіктен  айналдыра темірмен құрсауланған. Шынжыр табанды. Сондықтан шоқ болып жанып жатқан өрттің ішіне де кіре береді. Негізі мұнай өнімдері сақталатын,  жарылыс  қаупі жоғары және қою түтін басқан жерлерді сөндіру үшін жасалған. Арнайы пульт арқылы бір шақырым қашықтан басқарылады.

Азамат Қанағатов, ТЖД өрт сөндіру қызметі жедел кезекшісінің орынбасары:

Қызметкерлерге, яғни өрт сөндірушілерге қауіпті болатын жерде жұмыс істеу үшін, яғни олар ешқандай жарақат алмау үшін ойлап таптық осыны.Бұл негізі нолден бастап жасалған. Себебі, бұны жасаудың алдында біздің арнайы талаптарымыз болды.

Яғни құлтемір көлемді емес, өрт сөндіру көлігі бара алмайтын жерге кіре береді. Салмағы бір тоннаға дейін жүкті іліп алып, сүйреп жүре беретін күші бар. Әзірге нақты өрт шыққан жағдайда сыналған жоқ. Әйтсе де, арнайы оқу-жаттығу жиынында өз мүмкіндіктерін көрсетіп, сынақтан сүрінбей өткен. Пилоттық жоба нәтижелі болып жатса бұндай роботтар сериялық шығарылымға қойылуы мүмкін.

Бөлісу