Аграрлық ғылыммен айналысатындарға субсидия берілуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аграрлық ғылыммен айналысатындарға субсидия берілуі мүмкін

27.03.2019

Бүгін Мәжіліс депутаттары агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Оған сәйкес субсидиялау механизмі әзірленеді, инновация енгізіледі. Кредиттік серіктестердің де жұмысы ретке келтіріледі.

Елбасы «Ауыл - ел бесігі» жобасын жүзеге асыруды тапсырған болатын, ол жобаның шапағаты мен шарапатын ауыл тұрғындары сезінуі тиіс. 2019-2021 жылдарға 90 млрд теңге бөлінген еді. Осы мақсатқа қосымша жол құрылысына 160 миллиард теңге мен ауызсумен қамтамасыз етуге 100 миллиард теңге бөлінген.

Алайда, ақша бар, бірақ ел үшін маңызды бағдарлама дайын емес, бекітілмеген. Әкімшісі - Ұлттық экономика министрлігі. Вице-министрдің мәліметінше, 6,5 мың елді мекеннің ішінен келешегі бар 1781 ауыл анықталған. «Осы аптаның соңына дейін жоба тізімін толығымен аяқтаймыз»,- деп сендірді депутаттарды. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, ауыл үшін бұл мәселені шешу өзекті. Инфрақұрылымды дамыту – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасының басты факторы.

Елімізде ауыл шаруашылығы өнімінің импорты 30 пайыз. Ол құс еті, алма, ірімшік пен сүзбе, шұжық өнімдері. Сырттан әкелінетін барлық өнімдер елімізде өндіріледі. Өзгенікін артық, өзіміздікін таңсық көріп жүрміз, бұған не себеп? Тауарларға қажеттілікті біле тұра, нені өндіру керектігі туралы уақытында айтылмайды. Яғни, өндіруші мен тұтынушның арасында байланыс жоқ.

Қазақстан аумағында зиянды және аса қауіпті организмдер таралған. Ауыл шаруашылығы дақылдарына қорек талғамайтындардың шамамен 50-ге таяу түрі, зиянкестердің 100-ден астам түрі, арамшөптердің 300-ге жуық түрі зиян келтіріп отыр. Субсидия мәселесі де өзекті. 2019 жылдың басындағы мәлімет бойынша әкімшіліктер шаруаларға 20,7 млрд субсидия қарыз.

Заң жобасының жағымды тұстары көп. Қаржыландырудың қолжетімділігі. Міндетті сақтандырудан ерікті сақтандыруға көшу жүзеге асырылады. Өйткені қазір егіс алаңдарының жартысы сақтандырумен қамтылмайды. 2018 жылы егіс алаңының тек 43 пайызға жуығы ғана сақтандырылған. Кредиттік серіктестер жүйесін қайта қарау кезделуде. Білім және ғылым министрлігінің ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша білім беру гранттарды бөлу енді Ауыл шаруашылығы министрлігіне беріледі. Аграрлық оқу орындарын бітірушілер үшін ауылдық жерлерде міндетті жұмыс өтеу істеу талабы енгізіледі.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу