Асқар Мамин Талдықорған қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Асқар Мамин Талдықорған қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты

25.03.2019

Өңірде тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру және мұқтаж жандардың, оның ішінде көпбалалы отбасылардың баспана мәселесін шешу бойынша шаралар қабылданып, іске асып жатыр.

Биыл мамыр айында 230 пәтер пайдалануға берілмек. Мұнан кейін көпбейінді ауруханаға соққан Үкімет басшысына аймақтағы медициналық ұйымдар желісін дамыту, мекемелерді цифрландыру және техникалық жарақтандыру, кадрлық әлеуетін арттыру секілді мәселелер баяндалды.

Асқар Мамин Алматы облысындағы 6 индустриялық аймақтың даму жобасымен де танысты. Құрылыс 2020 жылы аяқталады. Индустриялық аймақта 300-ден астам кәсіпорын орналасады. 8 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Үкімет басшысы селден және су тасқыны қаупінен қорғану жобаларының іске асырылу барысын тексерді. Қазір көпір құрылымын қорғау мақсатында еріген қар суларын өткізу үшін өзен арнасы бойымен жағаны бекіту жұмыстары аяқталыпты. Төтенше жағдайларды ескерту және алдын алу шараларына да ерекше көңіл бөлінген.

Премьер-Министр Орталық Азиядағы аса ірі «Нұр жолы» өткізу пунктіне де барды. 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап шекарадан кідіріссіз өту үшін жаңа инновациялық технологиялар енгізілді. Соның арқасында бекеттен өтетін көліктер саны артты. Жүк көлігін тексеріп өткізу уақыты 40 минутқа дейін қысқартылды.

Жұмыс сапары аясында Асқар Мамин «Қорғас» Халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығына барды. Премьер-Министрге аумақтағы келушілерді, тауарлар мен көлік құралдарының қозғалысын есепке алу мен бақылаудың автоматтандырылған жүйесі таныстырылды.

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу