Басты Жаңалықтар Тұңғыш Президент тұлғасы. Ресейлік сарапшылар пікірі

Тұңғыш Президент тұлғасы. Ресейлік сарапшылар пікірі

Елімізде болған саяси өзгерістерді жіті бақылап, ерекше талқылап жатқан елдің бірі – Ресей. Себебі бұл мемлекет, біздің құдай қосқан көршіміз ғана емес, стратегиялық одақтасымыз саналады. Ресейлік қоғам қайраткерлері мен саясаттанушыларының пікірінше, Нұрсұлтан Назарбаевтың Президенттік өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтатуы жан-жақты ойластырылған байыпты қадам. Көрші елдегі белгілі тұлғалардың Тұңғыш Президентіміз туралы туралы ой-пікірлерін Мәскеуден әріптесім Нұртас Солтанұлы жеткізеді.

Олег Сосковец – Қазақстан да, Ресейде де жоғары лауазымды қызмет атқарған белгілі тұлға. Азаттықтың алғашқы жылдары, ол Қазақ елінде 1-ші вице-премьер боп, кейін келе Ресейде де, дәл осындай биікке жетті. Сондықтан тәуелсіздік алған кезіміз, сақа саясаткердің әлі есінде.

Олег Сосковец, Ресей тауарөндірушілер одағының президенті:

- Кеңес Одағы тараған соң, Қазақстан өте қиын кездерді бастан өткерді. Тәуелсіздік алған соң билік қолға тиді деп масайрайтын уақыт болған жоқ. Ол қиындықтарды мен Үкімет мүшесі ретінде көзіммен көрдім. Бірнеше ондаған зауытар мен жүздеген мың жұмысшылардың тағдырын шешу керек болды. Қарапайым халық жұмыс орны, жалақы, зейнетақы, коммуналдық қызмет сияқты сан түрлі мәселелерді көлденеңінен қойды. Бұл қиындықтың барлығын Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен еңсере білді. Мен Елбасымен 40 жылдан бері таныспын. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің тынымсыз еңбегінің арқасында, елін қиын-қыстау заманнан аман алып шықты.

Ресейдің халық әртісі, белгілі кинорежиссер Карен Шахназаров та - Қазақ еліне тілеулес жанның бірі. Оның ойынша, қазіргі Қазақстанның экономикасы қуатты, қоғамы тұрақты. Бұл жетістігімізді ол тұңғыш Президент тұлғасымен байланыстырады.

Карен Шахназаров, «Мосфильм» киноконцернінің бас директоры, РФ халық әртісі:

- Сіздердің басты жетістіктеріңіз, Қазақстан тәуелсіз, дербес мемлекет ретінде қалыптасты. Бұл - өте маңызды мәселе. Өзге посткеңестік кеңістіктегі республикалармен салыстырғанда, Қазақстан мығым мемлекет болып, аяғынан нық тұрды. Тәуелсіз мемлекет құру деген оңай шаруа емес. Бұл әлбетте, Қазақстан халқының, және Тұңғыш Президенттеріңіз Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында қол жеткізген табыстарыңыз. Назарбаев - тек Қазақстан ғана емес, тұтас потскеңестік кеңістік құрмет тұтатын тұлға. Ол әлемдік деңгейдегі саясаткер.

Ресейліктер Назарбаевты барша жұртты бауырына басып, бейбіт саясат ұстанған тұлға деп біледі. Сол себепті бұл елдегі халық та, ұлық та оны құрмет тұтады.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Бөлісу