Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 32 пайызға артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 32 пайызға артты

14.03.2019

Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 32 пайызға артты. Бұған біздің «Нұрлы жол» бағдаламасы мен көрші елдің «Бір белдеу, бір жол» жобасын өзара түйістірудің арқасында қол жеткізілді.

Қайта жанданған «Жібек жолының» нәтижесінде Қазақстан мен Қытайдың сауда-экономикалық, әріптестік қатынастары беки түсті. Екі елдің инфрақұрылымдарын қалпына келтіру, қарқынды саудаға бағытталған бастамалары да ортақ. Ауқымды жобаларды іске асыру барысы мен жемісі жайында тілшіміз әңгімелейді.

2013 жыл. 16-қыркүйек. Дәл осы күні Қытай халық республикасының төрағасы қазақтың Елордасына келіп, баяндама жасады. Назарбаев университетінде Қытай басшысы Ежелгі жібек жолын жандандыру мәселесін негізге ала отырып, «Жібек жолындағы экономикалық белдеуді» бірлесіп құру туралы алғаш рет бастама көтерді.

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының төрағасы:

Еуразиядағы экономикалық байланыстарды нығайту үшін өзара ынтымақтастықты барынша тереңдетіп, дамытуға жол ашу аса маңызды. Біз ынтымақтастықтың моделін ұсына отырып, Жібек жолындағы экономикалық белдеуді қалыптастыра аламыз. Бұл - осы бағытта орналасқан барлық елдерге орасан пайда әкелетін ұлы іс.

Араға бір ай салып, қытай басшысы Индонезияда 21 ғасырдың теңіздегі жібек жолын құру туралы бастама көтерді. Қытай ұсынған бұл екі  идея да әлемдік экономиканы қалпына келтіруге болатын мықты жобалар ретінде танылды. Ол - бір белдеу, бір жол деген атауға ие болды.

Бұл бастама - Еуразия құрлығындағы мемлекеттердің экономикалық дамуын жаңартуға жол ашты. Себебі аталған елдерде аймақты дамыту жөніндегі жобалар бірінен кейін бірі пайда бола бастады. Түркия - Жібек жолының теміржол құрылысы жобасын әзірледі, Моңғолия - Қытай мен Ресейді жалғайтын дала жолы экономикалық дәлізін, Индонезия - бүкіләлемдік теңіз тасымалының негізгі орталығына айналуды жоспарлады.

Ал Қазақстан - Еуропа мен Азия арасындағы жоғары жылдамдықтағы мультимодельдік көлік дәлізіне айналуды көздеген «Нұрлы жол» бағдарламасын ұсынды. 2014 жылдың қарашасында Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кезекті жолдауында экономиканы дамытуға бағытталған «Нұрлы жол» жоспарын ресми түрде ұсынған еді.

Жүздеген жылдар бойы тоқтап қалған жібек жолының тамырына осылайша қан жүгірді. Тап осы сәттен бастап қазақ пен қытай жібек жолы кеңістігінде бірлесіп, ынтымақтасып жұмыс істеп жатыр. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Жібек жолының» экономикалық белдеуі және біздің «Нұрлы жол» бағдарламасының өте керемет үйлесімі бар. Олар бірін-бірі толықтырады. Өйткені, 2012 жылы әлем әлгі дағдарыстан шығып үлгермеген болатын және барлық елдер қиын жағдайды сезініп отырды. Дәл осы сәтте бұл идея өте керек және аса маңызды болды. Оны барлық мемлекеттер идея ретінде құптады. Және осы арқылы дағдарыс қалдықтарынан шығуға болатынын түсінді.

Бастама аясындағы маңызды көлік-транзиттік орталықтардың бірі - Ляньюньган порты. Бұл қазақстан-қытай логистикалық терминалы. Қазірдің өзінде ондағы нәтиже жоғары.

Балнұр Азмахамбетова, ҚР ИИДМ көлік логистикасын дамыту басқармасының басшысы:

«Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында орналасқан құрғақ портта 2018 жылдың нәтижесі бойынша 144 000 контейнер өңделді. Бұл өткен жылдың сәйкес көрсеткіштерімен салыстырғанда неғұрлым өскендігін көрсетеді.

Сонымен қатар, «Қорғас-Шығыс қақпасы» базасында құрғақ порттың құрылысы аяқталды. «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің жобасы да жемісін беріп жатыр. Еуропаға апаратын ең қысқа автожол маршрутына айналды және жүктерді тасымалдау мерзімі 10 күннен аспайды. Ал Теміржол көлігі саласында жүк ағыны артты.

Осыған байланысты Алматы – Шу учаскесінде екінші жолдар салынып жатыр. Каспийге теңіз тасымалдарын ұлғайту мақсатында Құрық теңіз портының паромдық кешенін салу жобасы да аяқталды.

Былтыр осы порт арқылы бір жарым млн тонна паромдық жүк өнделді, соның ішінде теміржол паромдық терминалы - 24 мың бірлік вагон, автомобиль паромдық терминалы арқылы – үш мыңға жуық автокөлік өтті. Бір белдеу, бір жол - Қытайдың бастамасы болғанымен, оның пайдасы мен мүмкіндіктері күллі әлемге тиесілі. Жоба аз уақыттың ішінде осыны дәлелдеді.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу