Қазақстан мен Қытайдың сауда-экономикалық, әріптестік қатынастары беки түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Қытайдың сауда-экономикалық, әріптестік қатынастары беки түсті

13.03.2019

Қайта жанданған Жібек жолының арқасында Қазақстан мен Қытайдың сауда-экономикалық, әріптестік қатынастары беки түсті. Екі елдің инфрақұрылымдарын қалпына келтіру, қарқынды саудаға бағытталған бастамалары да ортақ. «Нұрлы жол» және «Бір белдеу, бір жол» бағдарламаларының үйлесуі арқасында аз уақытта еселі нәтижеге қол жетті. Тең мүмкіндікке ие болды.

Қазақстан мен Қытай Жібек жолы кеңістігінде ықпалдасып әрекет етеді. Қытай тарапынан «Бір белдеу, бір жол» бастамасы, бізден «Нұрлы жол» бағдарламасы қолға алынғалы 4-5 жылдың жүзі болды. Қос бағдарлама бір-бірімен тығыз байланысты. Біздің ел арқылы өтетін «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автомагистралінің құрылысын Қазақстан аяқтады. Ұзындығы - 2700 шақырым. Бұл бағыт қазір толық жұмыс істеп тұр.

Екі бағдарламаны өзара түйістірудің арқасында екі елдің тауар айналымы 32 пайызға артты. Мәселен, 2016 жылмен салыстырсақ, тараптар арасындағы сауда 11 млрд долларға дейін жетіп отыр. Бұдан бөлек, Қазақстанда индустриалды өнімді дамыту үшін бірлескен инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Нәтижесінде 20 мың қазақстандық жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етілді.

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының төрағасы:

- 5 жыл бұрын мен «Бір белдеу, бір жол» тұжырымдамасын ұсынған болатынмын. Араға бес жыл салып Қытаймен 80-нен астам мемлекет ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы Қытайдікі болғанымен, оның пайдасы мен қолайлы мүмкіндіктері күллі әлемге тиесілі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- 5 жыл - бұл көп уақыт емес. Бірақ бұл бастама бүгінгі күні ұлы идеяға айналды деп сеніммен айтуға болады.

Ал, «Нұрлы жол» бағдарламасы ел ішінде бұрын-соңды болмаған жол құрылысына жол ашты. 2,5 мың шақырым жол төселді, тағы 5600 шақырымы күрделі жөндеуден өтті.

Роман Скляр ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі

- Қазіргі таңда 24 жоба жүзеге асырылып жатыр. Ұзындығы – 4600 шақырым. Бұл - тәуелсіздік жылдары ішіндегі рекордтық көрсеткіш.

Қытайдың Еуропа бағытындағы пойыздарының 80 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Қазақстан бұл сауда жолымен өз өнімдерін басқа да елдерге қатар шығаруда. Еуразиядағы көлік жүйесінің басты торабы ретінде біздің ел Қорғас және Ақтау теңіз порттары арқылы жүк айналымын арттыруға кірісті. Яғни, қос бағдарлама да бастапқыда көзделген мақсатқа жетті деуге толық негіз бар.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу