Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісімді ратификациялау бойынша заң жобасы бүгін Мәжілісте мақұлданды. Келісімді іске асыру отандық тауарларды 80 млн-нан астам халқы бар Иранның нарығына шығарып, экспортты ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл мемлекетпен сауда айналымы 2018 жылы 516 млн долларға жетті.
Келісімге сәйкес Иран 864 тауарға қатысты импорттық баж ставкасын төмендетеді. Сондықтан отандық өнімді оларға өткізуде еш қиындық болмайды, кәсіпкерлер еселеп пайда табады. Жалпы, Еуразиялық Экономикалық Одақ елдері 502 тауар бойынша импорттық ставкасын төмендетеді. Келісімнің қолданылу мерзімі – 3 жыл. Құжат дүниежүзілік сауда нормаларына толық сәйкес келеді, заңды іске асыру республикалық бюджеттен қаражат талап етпейді.
Сондай-ақ, Мәжіліс авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібі туралы келісімді ратификациялауға арналған заң жобасын мақұлдады. Келісім авторлық құқық және сабақтас құқықтар объектілерін жаппай пайдалану көлемі артқан кезде мүліктік құқықтарды жеке тәртіппен іске асыруды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Аталған заң жобасы құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдар жұмысының ашықтығын, сондай-ақ олардың қызметін бақылау тиімділігін арттыруға көмектеседі.
Индира БЕГАЙДАР