Қазақстан мен Австрия мемлекеттерінің парламентаралық байланысы нығайды. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің Венаға жасаған ресми сапары – соның айғағы. Жалпы, екі ел достық қарым-қатынаста. Дегенмен, депутаттар арасындағы әріптестік ынтымақтастықты одан әрі жандандырып, жан-жақты дамуға жол аша түседі.
Әңгіме өзегі – парламентаралық іс-қимылды әртараптандыру төңірегінде өрбіді. Әрине, алдымен заңнамалық тұрғыда тәжірибе алмасуға баса көңіл бөлінді. Соның аясында қос тараптың салалық комитеттерімен белсенді қызмет атқаруға уағдаласты. Бұл келісімдер Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мен Австрия парламенті ұлттық кеңесінің төрағасы Вольфганг Соботка арасында жүргізілді. Бұдан бөлек, Нұрлан Нығматулин Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы Мирослав Лайчакпен кездесу барысында заманауи қатерлерге қарсы күрес бойынша диалогты нығайтудың маңыздылығына мән берілді.
Сондай-ақ, Мәжіліс төрағасы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының қысқы сессиясында сөз сөйледі. Ал, Ассамблея 57 елдегі парламент өкілдерінің басын біріктіреді. Мемлекеттер арасындағы сенім мен серіктестікті бекемдеу – Елбасының халықаралық бастамаларының негізі екеніне шетелдік парламентшілер ерекше қызығушылық танытады.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
- Қазақстан 100 жылдықта Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы саммитін өткізген жалғыз мемлекет екені бәріңізге мәлім. Ол Астанада 2010 жылы ұйымдастырылды. Сол саммитке қатысушы мемлекеттер «Астана» декларациясын қабылдап, онда өздерінің «еркін, демократиялық, ортақ және бөлінбейтін еуроатлантикалық және еуроазиялық қауіпсіздік жөніндегі көзқарасын» растады. Әлемдегі геосаяси жағдайдың қарқынды өзгеруіне байланысты Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1975 жылғы Хельсинки қорытынды актісін жаңарту қажет деп есептейді. 2020 жылы Астанада аталған стратегиялық құжаттың қабылданғанына 45 жыл толады. Соған орай қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі конференция өткізуді ұсынды. Бүгін осы жоғары мінберде Қазақстан Президентінің ұсынысын қолдағаны үшін ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының басшылығына алғысымды білдіремін.
Парламентаралық диалогты нығайту мақсатында Мәжіліс Төрағасы әріптестерін қыркүйек айында Астанада өтетін Еуропа және Азия елдері спикерлерінің төртінші кеңесіне қатысуға шақырды.
Нысаналы ЫҒЫЛ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.