«GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026»: Арал өңірінде халықаралық волонтерлер апталығы өтуде
Қызылордада Арал өңірінің экологиялық жағдайын жақсартуға және табиғи ортаны қорғауға бағытталған «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлер апталығы басталды. Іс-шараға Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген 100 волонтер мен өңірдің белсенді жастары қатысуда.
Бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен БҰҰ жариялаған Халықаралық волонтерлер жылына орай ұйымдастырылды.
Апталықтың ашылу рәсімінде волонтерлік қозғалысты дамыту, азаматтық белсенділікті арттыру және экологиялық бастамаларды қолдау мәселелері сөз болды. Сонымен қатар қатысушылар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында Қызылордадағы Президент саябағына тал көшеттерін отырғызды.
Волонтерлер қаланың көрікті орындарын аралап, Ботаникалық бақпен, облыстық тарихи-өлкетану музейімен және «Қайсар Арена» стадионының жұмысымен танысты.
20-23 қазан аралығында халықаралық апталықтың негізгі іс-шаралары Арал ауданында жалғасады. Қатысушылар Қорқыт ата мемориалдық кешеніне барып, Қамыстыбас ауылдық округінде кездесулерге қатысады. Бағдарлама аясында Қамбаш тынығу лагерінің аумағына тал көшеттерін отырғызу және Арал теңізінің құрғаған ұлтанына сексеуіл егу жоспарланған.
Сондай-ақ волонтерлер Шижаға ауылдық округінің тыныс-тіршілігімен танысып, Арал қаласындағы балықшылар музейін, Ә. Нұрпейісов атындағы әдебиет үйін және «Руханият орталығын» аралайды. Жергілікті өнімдер мен қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі ұйымдастырылып, апталық қорытындыланады.
Халықаралық бастама қоршаған ортаны қорғауға қоғам назарын аударуды,
волонтерлік қозғалысты дамытуды және елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды
көздейді. Арал өңіріндегі экологиялық акциялар табиғи ортаны қалпына
келтіруге және жас ұрпақтың экологиялық жауапкершілігін арттыруға үлес қосады.





Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы