Әкімдер есеп берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әкімдер есеп берді

15.02.2019

Облыс әкімдері мен шаһар басшыларының жыл сайынғы халық алдындағы дәстүрлі есеп беру жиындары жалғасып жатыр. Айғарғанымыз, өңірлерде атқарылып жатқан және іске асыру көзделген кешенді шаралар аз емес. Мәселен, Ақтөбе облысында соңғы бір жылда 1 миллион шаршы метрге жуық баспана қолданысқа берілген. Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде Шымкент пен Түркістан шаһарларының даму жоспарлары айқындалды. Әлеуметтік жобалар Павлодар облысында да ойдағыдай жүзеге асып жатыр екен.

Биыл Түркістан облысындағы 43 елді мекен орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылып, 26 ауылға көгілдір отын беріледі. Сондай-ақ 26 мектептің құрылысы аяқталады. Биыл денсаулық сақтау саласындағы күрмеуі қиын болған үш бірдей маңызды мәселе тұтастай шемімін тапты. 800-ге дейін тұрғыны бар 62 елді мекенде медициналық пункт салынды. Тұрғындардың бәрі электрондық денсаулық паспортын алды. Үшіншіден, өңірдегі медициналық емдеу орындарының барлығы компьютермен қамтамасыз етілді.

Жансейіт Түймебаев, облыс әкімі:

- Жалпы жыл басынан бері 31 мың жұмыс орны ашылды. 195 мың азаматқа атаулы әлеуметтік көмек, 4 367 отбасыға 152 млн теңгеге тұрғын үй көмегі берілді.

Павлодар облысында былтыр «Орталық-Шығыс» дәлізі бойындағы автожолдың 191 шақырымы пайдалануға берілді. «Одан бөлек ішкі жолдар күрделі жөнделді»,-деді облыс әкімі Болат Бақауов есепті кездесуінде. Елбасының халықтың әлеуметтік осал топтарына жалдамалы тұрғын үй салу тапсырмасына орай аймақта 188 отбасына жаңа пәтер берілді. Негізі 2018 жылы өңірде 27 тұрғын үй салынған. Бұл - рекордтық көрсеткіш. Павлодар - тұрғындарды таза ауызсумен қамту бойынша кенже қалып тұрған өңірлердің бірі. Елді мекендердің 30 пайызы ғана орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Былтыр бұл мақсатқа 15 млрд-тан астам қаржы жұмсалды. Ертіс ауданында Беловод топтық су құбыры іске қосылған. «Бірақ судың бағасы қаладағыдан да қымбат»,-дейді тұрғындар. 

Болат Бақауов, облыс әкімі:

- Осы мәселе менің тікелей бақылауымда тұр. Жалғыз ғана Ертіс ауданы емес, бүкіл облыс бойынша біздің нық жол картамыз бар.

Ал, Шымкент қаласы болашақта екі бағыт бойынша дамиды. Оның біріншісі - экономикалық өсім және халықтың табысын көтеру. Яғни, сауда және логистика, сервис және туризм, баспана құрылысына басымдық беріледі. Екінші - тұрғындардың өмір сүру сапасын көтеру. Денсаулық сақтау, білім беру мен қаланы абаттандыру бойынша бірқатар жобалар іске асады. Сондай-ақ, енді Шымкенттегі көпбалалы аналарға берілетін бір реттік жәрдемақы бұрынғыдай 25 мың емес, 100 мың теңге болмақ. 

Ақтөбе облысында тұрғындар Елбасы жариялаған «7-20-25» және «Нұрлы жер» бағдарламаларының игілігін көруде. Бастапқы жарна 20-дан 10 пайызға дейін төмендеді. Жастар жылы аясында бірегей тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Биыл 29 жасқа дейінгі 150 тұрғынды баспанамен қамту көзделіп отыр. Енді халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарына басымдық беріледі.

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

- Егер шынымен мұқтаж болатын болса, онда оларға бірінші кезекте демеушілердің есебінен көмек жасалады. Кезекте тұрсыз, кішкене шыдаңыз.

Көпбалалы отбасыларға баспана сатып алу үшін бастапқы жарнаны субсидиялау көзделген. Тұрмысы төмен отбасы балаларының тамаққа төлейтін ақысы 70 пайызға арзандайды. Бұл шараларды жүзеге асыру үшін қосымша 1 млрд теңге қарастырылып отыр.

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу