Мәскеуде Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің вице-премьерлері деңгейіндегі отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің вице-премьерлері деңгейіндегі отырысы өтті

21.01.2019

Мәскеу қаласында Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің биылғы жылдағы алғашқы отырысы болды. 5 елдің вице-премьерлері деңгейінде өткен жиында еуразиялық интеграцияны одан әрі тереңдете түсетін бірқатар мәселелер пысықталды. Солардың бірі, бірлескен интеграциялық кәсіпорындар құру жайлы. Яғни, бірнеше елдің аумағында қатар жұмыс істейтін зауыт-фабрикалар ашып, «еуразиялық бренд» қалыптастыру үшін алдағы уақытта оның нақты ережелері мен механизмдері бекітілуі тиіс. Кеңесте сонымен қатар, «Энергетика және электрлендіру» деп аталатын Еуразиялық технологиялық платформаның құрылғаны хабарланды.

Жобаға Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қырғызстанның 9 кәсіпорны мен ғылыми институттары құрылтайшы болды. Бұл платформа энергетикалық машинақұрастыру, «ақылды» электр желілерін құру және «жасыл» энергетиканы дамытумен айналысады. Бұдан бөлек, отырыста біздің еліміздің бастамасымен тағы бір маңызды мәселе қаралды.

Тигран Саркисян, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы:

- Электронды еңбек биржасын қалыптастыру туралы Қазақстан тарапы ұсынған бастаманы талқыладық. Бұл жоба жұмыс берушілерге де, жұмыс іздеген азаматтарға да пайдалы. Яғни, осы электронды платформаға кірген адам өзіне жұмыс тауып, келісімшарт жасай алады. Біз енді оның заңдық күші болуын қамтамасыз етеміз. Бұл жобаны барлық тарап қолдады. Көп кешікпей оның техникалық құжаттамасы әзірленеді.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу