Басты Жаңалықтар Атырау өңіріндегі алпауыт балық зауытын жаңартып жатыр

Атырау өңіріндегі алпауыт балық зауытын жаңартып жатыр

Атырау облысы Құрманғазы ауданында ел бойынша теңдесі жоқ балық өңдеу зауыты қайта жаңарып жатыр. Жоба құны 12 млрд теңгеден асатын нысанды жабдықтауға Латвия және Словакиядан инвесторлар тартылған. Құрылыс толық аяқталған кезде жергілікті жерден 300 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады. Ал науқан кезінде олардың саны 1000-ға дейін көбеймек. Әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт ауданға арнайы барып, құрылыс барысымен танысып қайтты.

Зауыт аумағындағы ескі ғимараттар біртіндеп сүріліп жатыр. Жаңадан 11 нысанның іргетасы қаланып, олардың үшеуіне металл конструкциялар орнатылған. Алпауыт кешенде балықты қабылдау, мұздату, тұздау, қақтау, консервілеу, уылдырық пен филе дайындау, сондай-ақ механикалық жөндеу цехтары орналасқан.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Елімізде баламасы жоқ балық өңдеу кешені толықтай заманауи техникалармен жабдықталған. Теңізден әкелінген балық осындай арнайы кранмен көтеріліп, сұрыпталады. Кейін мұздатқыштарға жөнелтіледі. Жалпы жылына 11 мың тонна балық қабылдап, одан 5500 тонна өнім шығару жоспарланып отыр.

Қазір балық қақтау цехы аймағында жұмыс қызу. Зауыт толық іске қосылған соң 200 түрлі өнім шығарылады. Алдымен ішкі нарықты қамтып, кейін ТМД елдерінен бөлек Еуроодақ мемлекеттеріне де экспорттау көзделген.

Саламат Омаров, Шортанбай балық зауытынң директоры:

Жобаның жалпы құны 12 млрд теңгені құрайды. Алайда жобалық сметалық құжаттамаларда қате кетуіне байланысты қазіргі уақытта ол қайта сараптамадан өткізіліп, қазір қаржыландыру тоқтатылған. Енді келесі жылдан бастап жұмыс толықтай қайта жанданады. Жоспар бойынша 2028 жылдың бірінші тоқсанында бітеді деген ойдамыз.

Қазір ауданда 7 кооперативте 1400-дей балықшы жұмыс істейді. Шалғайдағы шаруалардың күні Қиғаш өзені мен Каспийге теңізіне қарайды. Теңіз тартылып, жағдай біраз қиындағаны рас. Алайда балықшыларға бұл тосқауыл емес.

Асқар Мұфтах, Құрманғазы ауданы кәсіпкерлік және а/ш бөлімі басшысының орынбасары:

Жылда біз берілген лимиттің кем дегенде 90-95 пайызын игеріп тұрмыз. Биыл да осы межеден шығамыз ба деген ойымыз бар. Қазір теңіз жағалауында судың деңгейі бірқалыпты. Балық аулауға мүмкіндік бар.

Жалпы облыс бойынша 16 кооператив тіркелген. Биыл олар 15 мың тоннаға жуық лимитті игеруі тиіс. Қазір оның 70 пайызы орындалған.

Бөлісу