Мәжіліс депутаттары жылды қорытындылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс депутаттары жылды қорытындылады

26.12.2018

Мәжіліс осы жылдағы соңғы жалпы отырысты өткізіп, жұмысын қорытындылады. Үкіметтің орынды ісін жебеп, орынсызын тежеп отыратын төменгі палата нәтижелі жұмыс істеді. Халқының бары мен жоғын түгендеп, ертеңінің іргетасын бекітіп, құтын құтайтып жүрген Елбасының тапсырмаларын орындау мақсатында ел үшін шапағаты мен шарапаты мол заңдарды қабылдады.  Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, сессия басталғалы депутаттық корпустың жұмысы Президент өз Жолдауында және сессияның ашылуында берген тапсырмаларына негізделді.

Депутаттық корпусқа зор жауапкершілік жүктелді. Төртінші сессияны ашқан кезде Елбасы экономика қуатты, халықтың тұрмысы түгел болуы үшін сапалы заңнамалық жұмыс қажет деген еді. Сан қырлы, сапалы құжаттар Мәжілісте қаралды, талқыланды, мақұлданды. Президент тапсырмасын орындай отырып, Мәжіліс депутаттары қыркүйектен бері 82 заң жобасын алып, 40 ын қарады.  21 іне мемлекет басшысы қол қойды.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Бүгінгі күні Мәжіліс қарауында тағы да 40-тан астам заң жобасы бар. Осы құжаттардың барлығын сессиямыздың соңына дейін жан-жақты талқылап, жоғары деңгейде қабылдауымыз керек. Себебі, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмаларын әрқашанда сапалы заңдармен қамтамасыз ету, ол – біздің басты мақсатымыз. Сондықтан, барлық фракциялар, барлық депутаттар бірлесіп, тиімді, белсенді және нәтижелі қызмет атқаруымыз керек.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі зейнетақыны көтеру, бизнесті қорғау, заңсыз әкімшілік қысым мен қылмыстық қудалаудан құтылатын кәсіпкерлерге 1 қаңтардан шағын және орта бизнеске салықтық амнистия жарияланады. «Табиғи монополиялар» туралы, «Кинематография туралы», өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың қызметін формализациялау, бірыңғай жиынтық төлем, кепілдендірілген тегін медициналық көмектің жаңа үлгісін енгізуді көздейтін заң жобалары мақұлданды.

Зәуреш Аманжолова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл жаңа модельді іске асыру алдында Елбасының тағы бір тапсырмасына сәйкес, еңбекке қабілетті тұрғындарды түгелдей сақтандыру жүйесінде болуын қамтамасыз ету қажет.

Шымкент пен Түркістанға жаңа мәртебе беретін заң қолдау тапты. Ел еңсесін биіктететін Елбасының Жолдауында айтқан міндеттерді дер кезінде орындау үшін қазына қаржысының да тиімді жұмсалуы шарт. Мақұлданған «2019-2021» жылдарға арналған республикалық бюджет осыны көздейді. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, әр тиын да діттеген жеріне жетіп, халықтың әл-ауқаты жақсаруы үшін жұмыс істеу керек.

Айқын Қоңыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бюджеттің шығыстарын жоспарлау Мемлекет басшысы айтып жүрген екі маңызды мақсатқа негізделуі тиіс. Ол экономиканы диверсификациялау, ғылыми өндірістік әлеуетті күшейту. Әлеуметтік стандарттарды арттыру.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында инвестиция игілігі туралы айтты. Біз барлық инвест жобаларға бақылау жасап, ортақ жүйеге келтіру керек деп есептейміз. Ал, бұл бюджет жобасы біздің отандастарымыздың өмір сүру сапасын арттыратыны белгілі.

Жеті деген киелі сан. Дәл осы 7 рет Мәжіліс Үкімет сағатын өткізіп, 7 рет Парламенттік тыңдау ұйымдастырыпты. Қамтылған тақырып та ауқымды, атқамінерлер депутаттардың алдында рет-ретімен өз жұмыстарына жауап берді. Жұмыс демекші жұмыспен қамтуға арналған парламенттік тыңдауда еңбекпен қамту саласында жеткен жетістіктермен қатар шешілмеген мәселелер көтерілді. Тыңдауды дайындау шеңберінде Мәжілісте арнайы уақытша комиссия да құрылған еді.

Айгүл Нұркина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Елбасы 10 қаңтардағы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «Еңбек нарығының тиімділігін қамтамасыз етіп, әрбір адамның өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасаудың маңызы зор» деп атап өткен болатын. Мәжіліс қабырғасында өткізген парламенттік тыңдау да осы мәселеге арналды, өзекті сұрақтарды қамтыдық. Қорытындысы бойынша Үкіметке, орталық, жергілікті атқарушы органдарға арнайы ұсыныстарды әзірледік. Мәселен, депутаттар болжам картасын әзірлеу керектігін көрсетті.

Мәжіліс өкілдері өңірлерге шықты. Облыс аудан емес, шалғай елді мекендерге барып, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдады. Нәтижесінде, Үкіметке ұсыныс, жақсы өмірге ұмтылыс үшін сауал жолдады. Тәуелсіздік алған ағымы қатты аз жылда Қазақстан бір ғасырдың иығына жүк болатындай жұмыстар атқарды. Халықаралық мәселелерге де тығыз араласып келеді. Мәжіліс депутаттары да заңнамалық жұмыстан бөлек ірі халықаралық конференциялар, форумдар өткізді. Жаһанның белді саясаткерлері мен парламентарийлері, сарапшылар, ғалымда, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері Тұңғыш Президент күніне, жастар жылына, сарқылмас энергия көздеріне арналған конференцияларға қатысты.

Кеміміз толып, кетігіміз бүтінделу үшін кемел істер атқарылды. Біздің көрсеткеніміз төменгі палата жұмысының бір парасы ғана. Қазіргі таңда портфельде Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын реттейтін, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мен агроөнеркәсіп кешенін реттеу туралы сияқты заңдар жатыр. Ал, осыған дейін мақұлданған құжаттардың игілігі неде? Қандай өзгерістер болады?

Ең төменгі жалақы 1,5 есе өседі. Яғни, 28000 теңге еді, енді 42000 теңге болады. Зейнеткерлердің әлеуметтік мәселесі мемлекеттің назарында. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың да зейнетақысы өседі. Халықтың денсаулығы жақсарады. Медициналық көмектің жаңа моделі енгізіледі.

2018 Мәжіліс депутаттары үшін табысты болды. Алайда, алда қыруар жұмыс күтіп тұр. 2019-да төменгі палата депутаттары Елбасының тапсырмасын сапалы орындап, заңнамалық жағынан қамтамасыз ету үшін қыруар жұмыс істейді. Мұғалім мен оқушының жүктемесін азайту, экология, бизнес, сауда-саттық саласына мән беріледі.

Индира БЕГАЙДАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу