Дос Көшім: «...Қоштасу хатын да жазып қойған едік...» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дос Көшім: «...Қоштасу хатын да жазып қойған едік...»

11.12.2018

Қыркүйектің сегізінде «Nazar» бағдарламасына қоғам қайраткері Дос Көшім келді.

 Ол  сөзін «Мектепте, менің ойымша, демократия сабақтары болғаны дұрыс. Адам құқығын, конституциялық мәселелерді тереңірек түсіндірген дұрыс сияқты...»,- деп бастады.

«Жастарға көңіліңіз тола ма?» деген сауалға:  «Әр уақытта ересектер өздерінен кейінгілерді көріп: Бұлар қалай адам болады?, Біз кезінде ондай емес едік,  Бұлардың болашағынан үміт күтетін едім,- деп өкініштерін айтады. Бұл, менің ойымша, диалектиканың заңы сияқты. Мен жастарға ризамын. Жастар біздің қатарға тұрады. Олардың арасынан да жақсысы, жаманы, саяси көзқарасымен жеңіске жеткендер және жеңілгендер шығады.

Жастардың бір өкілі – қыздарым десек, кіші қызым саяхаттағанды ұнатады. Мен де жас кезімде шөл кезгенмін. Қарақұм, Қызылқұм шөлдерін аралап шықтым. Қарақұмды 1 ай, Қызылқұмды 1 айдан астам уақытта жүріп өттік. Қызылқұмды басып өтуге 2 күндік жол қалғанда, суымыз таусылып қалды. Сол уақытта өлеміз деп ойладық. Бірақ түнде жаңбыр жауып аман қалдық. Қоштасу хатын да жазып қойған едік.

Қоғамның у-шуынан қатты шаршайтын сәттерім болады. Кейде табиғатқа шығып, 1-2 жыл тұрып көргім келеді»,- деп сөзін жалғады.

«Саясаткер болғаннан кейін, алдыңа саяси мақсат қоясың. Егер сен сол саяси мақсатқа жете алмасаң, сен онда жақсы саясаткер емессің. Егер жетсең, шындығында жеңіске жеткен саясаткерсің...

Өкінішке орай, қазір негативті ақпарат сұранысқа ие. Бұл – дәрменсіздіктен. Қолыңнан келмейді, бірақ көріп тұрсың. Адамдарда негативті пікірлердің туатыны – дәрменсіздіктен... «Осы қоғамды неге дұрыстай алмаймын?» деген ойдан.

 

«Ең бастысы – еркіндік. Мен өзімді еркінмін деп ойлаймын. Бірақ кейде саяси мүддеңді жүзеге асыру үшін келісімге келуге тура келеді. Партияны басқарғанда, қоғамдық ұйымдарды тізгіндегенде, саяси мақсатымды бәрінен бірінші орынға қойғанды жөн көрем. Өзімді саяси мақсаттарына жеткен саясаткер деп есептеймін.           90 жылдары саяси мақсаттарымның біразына қол жеткіздім.

Қазіргі мақсатым – елімізді демократиялы қоғамға айналдыру. Еліміздің атының өзі дүбәрә болып тұр. Өзіңіз елестетіңізші, Сарыарқада ақсақалдар жиналып, «Біз Қазақстанды құрамыз» деп айтпады ғой. Қазақ мемлекеті деген деңгейге әлі жеткен жоқпыз»,- деп өз пікірін білдірді.

Тату-тәтті отбасылық өмірдің құпиясын сұраған журналиске: «Мен  әйелімді ешуақытта жұмысқа бара жатқанда, оятпаппын. Оятып, «маған шай құйып бер, дайындап бер» деп айтқан емеспін. Оның орнына әйелім жарты сағат ұйықтап алсын деймін»,- деп толғанды саясаткер.

Хабарламаларға жазылу