Санкт-Петербург қаласында ТМД Парламентаралық ассамблеясының отырысы өтті. Алқалы жиынға қазақ делегациясын Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастап барды. Отырыста достастық елдерінен жиналған Парламент өкілдері өзара ынтымақтастыққа арналған 20-ға тарта мәселені талқылады.
Сонымен қатар, «Өрт қауіпсіздігі» және «Жеке бастың мәліметтері» туралы бірқатар моделді заң жобалары пысықталды. Бұдан бөлек, 2019-жылы ТМД-ның бірқатар елдерінде өтетін сайлау процесстеріне бақылаушы жіберу жайы қарастырылып, ТМД Парламентаралық ассамблеясының келер жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Отырыс соңында журналистердің сауалдарына жауап берген Сенат төрағасы Ассамблеяның биылғы жұмысын жоғары бағалап, «Бір белдеу - бір жол» халықаралық мегажобасының маңызды екенін баса айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Бұл жоба Қазақстанға ғана емес, өзге де ТМД елдеріне де тиімді. Себебі, қазіргі заманда табиғи ресурстармен қатар, көлік және логистика саласының да маңызы артып келеді. Мәселен, Қазақстанда осы бағытқа арналған «Нұрлы жол» деп аталатын стратегия қабылданған. Оны қолдауға халықаралық қаржы ұйымдары дайын. Жалпы, «Бір белдеу - бір жол» жобасы экономикалық тұрғыда өте пайдалы. Оған Еуразиялық Экономикалық Одақ елдерінің де қосылуын қалаймыз. Қазақ елі аталмыш жобаны іске асыруға белсенді түрде қатысады.
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.