Франция: Миграция және интеграция сынағы
Франция-Еуропадағы мигранттар ең көп шоғырланған ел. Бесінші республикаға бірі жұмыс іздеп келсе, енді бірі соғыс пен тұрақсыздықтан бас сауғалаған. Бірақ осы елде дүниеге келіп, француз мектебінде білім алғандардың өзі сол ортаның толыққанды мүшесі бола алмай келеді. Оған не себеп? Әртүрлі мәдениет пен көзқарас тоғысқан қоғамда үйлесімді өмір сүрудің жолы қандай? Әлеуметтанушылар зерттеулерінің нәтижесімен бөлісті.
Париждің солтүстігіндегі Обервилье ауданында жетпіс мыңнан астам қытай тұрып жатыр. Күншығыс елінің тұрғындары таң атқаннан кеш батқанға дейін бір тынбайды. Сауда-саттықпен айналысып, құрылыс, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, адал еңбекпен отбасын асырап отыр. Уенг Уонг – Қытай диаспорасынан шыққан ірі кәсіпкер. Жүк тасымалымен айналысатын ол жүзге жуық адамды жұмыспен қамтып, қомақты салық төлеп отыр.
Уенг Уонг, Париж қаласының тұрғыны, кәсіпкер:
Ел экономикасын дамыту үшін кәсібімді құрылыс саласында өрге домалатқым келеді. Ғимараттар құрылысы, үйлердің ішкі әрлеуі мен интерьерін жабдықтаумен айналыссам деймін. Қоғамға бейімделуді біреуден күтпей өзіңнен бастау керек.
Азиаттарды жиі кемсітіп, түртпектейтін африкалық мигранттардың тыныс-тіршілігін әлеуметтанушылар жіті зерттепті. Францияда туып-өсіп, тілін жетік меңгерсе де, қоғамға бейімделгісі келмейтініндердің сылтауы көп, дейді сарапшылар.
Гильен Шеврье, әлеуметтанушы:
Қытай қауымдастығы көбіне өз күшімен табысқа жетуге ұмтылатын, мәселелерін өз ішінде шешетін топ. Ал Солтүстік Африка, басқа елдерден келген мигранттар өздерінің әлеуметтік қиындықтарына қоғам мен мемлекетті кінәлап, өздерін қалыптасқан жағдайдың құрбаны ретінде көрсеткенді жақсы көреді.
Эстер Готье, әлеуметтанушы:
Өз еліңді, өз Отаныңды қорлауға жол беру нағыз қылмыс. Қиратудан, бүлік шығарудан кім не ұтады? Зардабын қарапайым халық тартады. Тыныш өмір сүріп, бейбітшілікті бағалауымыз керек.
Ресми мәліметке сүйенсек, қазір Францияда 8 млн-нан астам мигрант тұрып жатыр. Бұл – халықтың 11,6 пайызы. Үкімет келімсектерді қоғамға бейімдеу үшін тегін баспана, білім беріп, әлеуметтік жәрдемақы төлеп отыр. Соған қарамастан «құқымыз шектеулі» деп сынықтан сылтау іздеп, қоғамға іріткі салушылардың көбейгені алаңдатарлық, - дейді әлеуметтанушылар. Еркіндік пен теңдікті ту еткен ел енді осы миграция мәселесін шешуге басымдық бермек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы