Басты Жаңалықтар Әсет Исекешевтің төрағалығымен Ұлттық комиссия отырысы өтті

Әсет Исекешевтің төрағалығымен Ұлттық комиссия отырысы өтті

Бүгін Ақордада Президент әкімшілігінің жетекшісі Әсет Исекешевтің төрағалығымен Ұлттық комиссия отырысы өтті. Жиында Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан туындайтын міндеттерді орындау мәселесі талқынды. Жыл соңына дейін бұл бағытта барлық жауапты мекеменің кешенді жоспары әзірленуі керек. Ұсыныстар дайындалып, қаржыландыру көздері нақтылануы тиіс. Президент әкімшілігінің жетекшісі бұл істе аса даңғазалыққа жол бермей, сапалы әрі мәнді дүниелерге баса назар аудару керектігін айтты.

 «Ұлы даланың жеті қыры» көптің көкейінде жүрген дүниелерді түгендегендей.  Рухани жаңғырудың заңды жалғасы ретінде бұл мақаланы үлкен бағдарламалық құжат деп айтуға болады. Сол себепті, тоқсан тарау салада салмақты дүниелерді іске асыру міндеті тұр.

Бүркіт Аяған, Мемлекет тарихы институтының директоры:

- Ғылымның сапасын көтеру, ол үшін тарихшылар, саясаттанушылар, әлеуметтанушылардың еңбегін қайта қарау. Одан кейін типтік программа, бағдарлама деген болады, оларды жаңарту керек. Тез арада жаңартуымыз керек.

Жиында министрлер мен әкімдер, депутаттар мен ғалымдар сөз алып, алдағы жоспар-жобаларды тізді. Мәселен, Арыстанбек Мұхамедиұлы Астана қаласында 9 миллион бірлік орынға Ұлттық архивтің құрылысы жоспарланып жатқанын айтты. Ал, ғалымдар тарихымыздың жазылмаған қатпарларын түгендеу жолында үлкен жұмыстар атқармақ. Әсіресе, Орталық Азия мен Қытай, Түркия мұрағаттары мен кітапханаларындағы қазақ еліне қатысты мәліметтерді жинауға кіріседі. Алайда, бұл ғылыми сапарлар жай ғана академиялық туризмге айналып кетпеу керектігі қатаң ескертілді.

Ерлан Сыдықов, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры:

- Мақалада көрсеткен әр бағытты мемлекеттік құзырлы органдармен қатар, ғылыми орталықтарға музейлерге, архивтерге, университеттерге жеке-жеке тапсырса. Әр бағытқа сендер де қосыласыңдар, сендер де жауап бересіңдер деп. Өйткені, ғылыми санаттағы күштердің көбі университеттер мен музейлер, ғылыми орталықтарда қалыптасқан.

Дархан Қыдырәлі, Халықаралық Түрік академиясының президенті:

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының бір ерекшелігі – бұл халықаралық жоба. Себебі, оған осы ұлы даладан, Алтайдан тараған, түркі әлемінің генезисіне қызығушылық танытқан әлемнің барша ғалымдарын тарту, олардың да араласуымен Елбасы мақаласында айтқандай анық, дәлелденген нақты тарихи фактілермен еңбектер жазу, жиындар өткізу айтылған болатын.

Мұрағаттағы деректер базасын кеңейту үшін ішкі архивтер де зерттеушілерге ашық әрі қолжетімді болуы қажет. Сондай-ақ, музейлердің жұмысын жаңғыртып, оларға қолдауды күшейту маңызды. Әрине, бұл жұмыстардың барлығы да қаржыны талап етеді. Бұл ретте тек қазынаға ғана телмірмей, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәжірибесін ұмытпау керектігі айтылды. Сондай-ақ, билік өкілдері ауқатты азаматтарды «Туған жер бағдарламасы» аясында осы игі іске өз үлестерін қосуға шақырды.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу