«Азия-Еуропа» форумының 12-ші саммитіне қатысу үшін Брюссель қаласына келген Президент Нұрсұлтан Назарбаев бүгін бірқатар кездесулер өткізді. Алдымен, Елбасы Брюссельдің қақ ортасында орналасқан Белгия королінің сарайында болды.
Саяси әріптесі, Бельгия королі Филиппен екіжақты кездесу өткізді. Одан кейін Еуропаның іскер топтарымен жүздесті. Олардың арасында машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі, технология және мұнай саласында жұмыс істейтін 30-ға жуық ірі компанияның өкілдері бар.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға Еуропа елдерінен 180 миллиард доллар инвестиция тартылыпты. Біздегі 3 мыңдай еуропалық кәсіпорынның табысты жұмыс істеп жатуы соның дәлелі.
Олардың арасында «Альстом», «Линде Груп», «Эйр Ликид», «Данон», «Викат» секілді алыптар бар. Бұған қоса, Еуропалық банк біздегі 7 миллиард доллардың жобасын қаржыландырып отыр. Бүгін кешкісін ресми түрде ашылатын саммит алаңында жаһандық және өңірлік бірнеше мәселе талқыланатын болады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстанның Еуропа елдерімен арадағы тауар айналымы жыл сайын артып келеді. Өткен жылы 33 миллиард доллар болса, биыл жартыжылдықта оны 24 миллиард долларға жеткіздік.
Біздің елдегі еуропалық компаниялар өте табысты жұмыс істеуде. Заманауи кәсіпорындарын ашып жатыр, нәтижесінде жұмыс орындары көбеюде. Ең басты мүмкіндік бұл, 180 миллион халқы бар, кедендік кедергісі жоқ алып аймаққа шығып отырмыз. Қазір Қазақстан арқылы халықаралық 5 теміржол, 6 автомобиль жолы өтеді. Яғни, біз Еуропа мен Азияны жалғастырушы мемлекетпіз.
Шынар АСАНҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.