Басты Жаңалықтар Шолпан-Атадағы алқалы жиын қазақ-қырғыз қатынасын жаңа деңгейге көтерді

Шолпан-Атадағы алқалы жиын қазақ-қырғыз қатынасын жаңа деңгейге көтерді

Шолпан-Атадағы алқалы жиын түркітілдес мемлекеттердің көпжақты ынтымақтастықты арттырып қана қоймай, қазақ-қырғыз қатынасын жаңа деңгейге көтерді. Оны қос ел басшыларының саммит алдындағы кездесуінен-ақ сезуге болады. Нұрсұлтан Назарбаев та, Сооронбай Жээнбеков те бауырлас елдердің байланысын үзбей, дамыта түсуге мүдделі. Жалпы, соңғы уақытта қос мемлекеттің арасындағы алыс-беріс те, достық та нығая түскенін байқауға болады. Бұл – тамыры бір туысқан халықтардың сан жылғы ықпалдастығының жемісі.

Қазақ-қырғыз дипломатиялық қарым-қатынасының орнағанына ширек ғасырдан асты. Қос ел арасындағы Мәңгілік достық келісімшартына былтыр 20 жыл толды. Екі мемлекет үкіметтерінің қол қойған құжаттар саны 150-ден асады. Қазақ-қырғыз арасындағы сауда айналымы қазір 600 миллион доллар. Ендігі мақсат – 2020 жылға дейін бұл көрсеткішті 1 миллиард долларға жеткізу. Бұл - ынтымақтастықтың тек қағаз жүзіндегі көрінісі. Ал, қос халықтың достығын санмен сөйлету мүмкін емес. Өйткені, сан ғасырларға астасып жатыр.  

Гүлзат Көбенова, ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасы директорының орынбасары:

- Қазақстан мен Қырғызстан қарым-қатынасы әрқашанда бейбітшілік, стратегиялық серіктестік бағытта жалғасып келе жатыр. Орта Азия, ТМД мемлекеттері арасында Қырғызстанның орны бөлек. Рухани, тарихи, мәдени, білім, ғылым саласындағы қатынастар соған себеп.

Етене жақын екі елдің байланысына былтыр сызат түзе жаздады. Қазан айында қазақ-қырғыз шекарасында ахуал шиеленісіп, кеденде шектеу қойылғаны есте болар. Кедендегі келеңсіздіктер кәсіпкерлерге ғана емес, қарапайым халыққа да кедергі келтірді. Шекарадағы шиеленісті шешу үшін екі ел үкіметі келіссөздерге кірісті. Ал, мәселенің нүктесі былтырғы жылдың желтоқсанында Астанада қойылды. Айырқалпақты ағайынның ыстық ықыласын жеткізуге келген жаңа басшысына Қазақ елінің президенті де жылы қабақ танытты.

Өткен жылдың өкпесі артта қалып, көрші елдер достықтың шекарасы жоқ екенін тағы бір дәлелдеді. Алыс-беріс артып, қатталып қалған мәселелердің көбесі сөгілді. Су-энергетика саласын жандандырып, Аралды құтқару бойынша және мәдени-гуманитарлық шаралар өткізу жайлы келісілді. Ортақ жол картасы қабылданды. Атқарылған жұмыстарды бұл жолы Қырғыз жерінде пысықтаған қос ел басшысы екі ел әріптестігінің әлеуеті арта беретініне сенім білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақ пен қырғыздан жақын халық жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап мен әрдайым Қырғызстанды қолдап келемін. Сіз президент болып сайланғаннан бері біз жиі кездесіп, көптеген мәселелерді талқыладық. Екіжақты қарым-қатынастар жаңа деңгейге көтерілуде. Сауда-саттық көлемі артып келеді. Бүгінде елдеріміз арасындағы барлық проблемалар, соның ішінде шекаралық мәселелер толық шешімін тапты.

Сооронбай Жээнбеков, Қырғыз Республикасының президенті:  

- Өзімнің атымнан, елімнің атынан Сізге уақытыңызды бөліп, Шолпан-Атаға келгеніңіз үшін рахметімді айтамын.

Бұл жолғы кездесу де екі ел байланысын жаңа сатыға көтеретіні анық. Сауда-саттық, әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық, жалпы, барлық салада серпіліс болатынын сарапшылар болжап отыр.

Мұхтар Түгелов, «Әлеуметтік даму институты» қоғамдық қорының президенті:

- Енді Орта Азия елдерінің одағын құру идеясы қайта жанданады деп ойлаймын. Қазақ елінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үнемі осы бастаманы көтеріп келеді. Бұл одақ, әсіресе, қазақ-қырғыз қатынасы үшін жаңа экономикалық дәліз болушы еді. Ал қазіргі қос мемлекет басшыларына қарайтын болсақ, олардың арасындағы сыйластық, достық өте жақсы сезіліп тұр. Жоғары деңгейдегі бұл ынтымақтастықты бекітіп, нығайту енді қоғамның қолында.

Екі елдің жікке бөлінбей, бірігуіне әкелетін ортақ мұрасын сақтап қалу үшін қазақ-қырғыз диаспоралары институт құруды ұсынып отыр. Қырғыз елінің достық лебізін Астанаға әкелген Мұхтар Түгелов бұл ұйымды «ҚАЗ-ҚЫР» деп атау керек дейді. Өйткені, арлан аттас мекеменің келешегі мен талабы зор болатынына сенеді.

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.               

Бөлісу