Астанада Азиядағы өзара сенім шаралары кеңесі ұлттық-мәдени орталықтарының Азаматтық форумы басталды. Жиынды ашқан Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова елордамыздың Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ, Астана үнемі халықаралық қауіпсіздік мәселелерін шешуге бағытталған бастамалардың бастауында тұрады. Ал Азиядағы өзара сенім шаралары кеңесі осы аймақтағы мемлекеттердің қарым-қатынасын жақсартып, тұрақтылықтың сақталуына басымдық береді.
Бұл жолғы жиында да 12 елдің өкілдері саяси, әлеуметтік, мәдени және халықтар бірлігін нығайту сынды мәселелерді талқылап, пікір алмасты. Мұнымен қоса, форум аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Өзбекстан Республикасының министрлер кабинеті жанындағы ұлтаралық қатынастар және достық байланыстар комитеті меморандумға қол қойды.
Бұл келісімнің негізінде қос елдің ынтымақтастығы одан әрі беки түспек. Қазақстан мен Өзбекстанның бірнеше қаласында түрлі мәдени шаралар өтіп, жаңа орталықтар ашылатын болды.
Рустам Курбанов, Өзбекстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы ұлтаралық қатынастар және достық байланыстар комитетінің төрағасы:
Біз – бауырлас елдерміз. Дініміз ортақ, қашанда бір отбасыдай тату-тәтті өмір сүргенбіз. Қазақстанда 400 мың жуық өзбек тұрса, Өзбекстанда 450 мыңнан астам қазақ бар. Қос мемлекеттің басшыларының сарабдал саясатының арқасында түрлі ұлттар мен ұлыстар бір атаның балаларындай өмір сүріп келеді.
Ал меморандумға келетін болсақ, келер жылы Өзбекстанда Қазақстанның жылы өтетіні ескеріп, көптеген шара жоспарлап отырмыз. Солардың бірі – Қазақстанда өзбек тілін, ал Өзбекстанда қазақ тілін үйрететін орталықтар ашу, тарихымыз бен өнерімізге арналған жиындар өткізу.