Басты Жаңалықтар Азия мемлекеттеріне ортақ туристік виза қажет – Дариға Назарбаева

Азия мемлекеттеріне ортақ туристік виза қажет – Дариға Назарбаева

Азия мемлекеттеріне ортақ туристік виза қажет. Оны «Silk Visa» деп атауға болады. Бұл туралы Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің басшысы Дариға Назарбаева айтты. Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасында халықаралық ынтымақтастық орталығы құрылуы мүмкін екенін де жеткізді. Екі елдің депутаттары халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық қатынастар мәселелерін талқылады. Дариға Назарбаева өзбекстандық әріптесімен ынтымақтастықты бекіте түсу жолдарын қарастырды.

«Өзбек өз ағам» деген сөз бар. Екі елдің қатынасы жыл сайын жанданып келеді. 2017 жылы сауда айналымы 2 млрд. долларға жетіп, алдыңғы жылға қарағанда 31,2 пайызға жоғары болды. Дипломатиялық қатынас орнаған сәттен бастап түрлі саладағы 100-ден астам келсімге қол қойылды. Соның ең негізгілері Мәңгілік достық туралы шарт пен Стратегиялық әріптестік туралы шарт.

Алдымен парламентарийлер екі елдің шекарасындағы «Жібек жолы» бекетіне барды. Бұл жерден күніне он мыңдаған адам өтеді. 2017 жылы қарашада бекеттегі кейбір кедергілер жойылды. Бекет Сарыағаш қаласынан 20 шақырым. Шымкент қаласынан 170 шақырым.

Бекетке апаратын төрт жолақты автокөлік жолы жаңарған. Депутаттар алыс-беріс, барыс-келісті ұлғайту қажеттігін айтты. Сауда айналымын биыл 3 млрд. доллар, 2020 жылға қарай 5 млрд. долларға жеткізу қажет.

Әлішер Құрманов, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжіліс сенатының комитет төрағасы:

- Екі мемлекеттің халықтары куә, ынтымақтастығымыз жанданып келеді. Екі елдің президенттері де әріптестікті жаңа деңгейге шығарды. Бұл ретте парламентаралық байланыстың маңызы зор. Енді біз заңнамалық тұрғыдан болсын, басқа сұрақтар болсын, ортақ жұмыс істеуге дайынбыз.

Өзбектер дайын тоқыма бұйымдарын, электрлі техникалар мен жеңіл өнеркәсіп өнімдерін, құрылыс материалдарын, шыны және басқа да тауарларының қазақ нарығына құйылар легін ұлғайтпақ. Ал, Қазақстан метал прокаты, ферроқорытпа, ағаш және ағаш материалдары өнімдерінің экспортын арттыра алады. Тек қана шиізат емес, азық-түлікті де жөнелтуге дайынбыз. Дариға Назарбаеваның айтуынша, 2018 жылды Өзбекстанның Қазақстандағы жылы, 2019 жылды Өзбекстандағы Қазақстан жылы деп жариялауының да маңызы зор. Енді Халықаралық ынтымақтастық орталығы мен Жол картасы әзірленсе деген тілек бар.

Өзбекстан тарапы «бізде де сондай ізгі ниет бар, әр ұсыныстарыңызға қолдау көрсетуге дайынбыз», деді. Осы күнге дейін барлық мәселелерге байыппен қарап келдік. Екі тарап Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтеріне бекеттердегі қалған кедергілерге тосқауыл қойып, көмектесеміз деп келісті. Жалпы, Дариға Назарбаева «Үкімет 25-ке жуық ұсыныс әзірлепті. Азия мемлекеттеріне ортақ туристік виза болса, оны «Silk Visa» деп атаса да болады», деді.

Түркі дүниесінің тұтастығы - қаны мен жаны, діні мен ділі, ортақ тамыры тереңде жатқан ұлттардың бірлігі. Тарихымыз, тіліміз, діліміз ортақ. Алдағы уақытта да ықпылдастық жалғасады. Ол үшін екі елдің парламенттері белсенді жұмыс істеуге дайын.

 

Индира БЕГАЙДАР

Бөлісу