Қазақстан халықаралық терроризмді әлемдегі ең өткір проблема деп санайды - Н. Назарбаев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан халықаралық терроризмді әлемдегі ең өткір проблема деп санайды - Н. Назарбаев

23.05.2018

Қазақстан Президенті Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларымен және Қорғаныс ведомстволарының басшыларымен кездесті. «Әскери саладағы көпжақты ынтымақтастықты дамыту, халықаралық терроризмге, заңсыз есірткі айналымына және заңсыз көші-қонға қарсы күрес, сондай-ақ, үйлесімді ақпараттық саясатқа қатысты ұстанымдарды әзірлеу мәселелерін қарастыру көзделіп отыр», – деді Нұрсұлтан Назарбаев кездесуде. Бұдан басқа, әлемде және өңірде күрделі әскери-саяси ахуалдың сақталып отырғанын айтты, сондай-ақ, халықаралық террористік ұйымдардың белсенді әрекет етіп, ақпараттық кеңістікке төнетін қауіп-қатердің артып келе жатқанына тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаев әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы практикалық шараларға ерекше көңіл бөлуге шақырды. Ол үшін «KADEX-2018» көрмесінің мүмкіндіктерін пайдалану қажеттігін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біздің Жедел әрекет етуші ұжымдық күштеріміз әрдайым өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға дайын. Қазір Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының біріккен штабының саны едәуір өсті. Сондықтан, оның жұмысы сапалық тұрғыдан жақсарады деп үміттенуге құқымыз бар. Қазақстан халықаралық терроризмді жалпы әлемдегі және Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының жауапкершілігі аясындағы ең өткір проблема деп санайды. Сонымен қатар, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының халықаралық қоғамдастықпен байланысын кеңейтіп, шынайы қатерлерге қарсы тиімді шаралар ұйымдастыру, ақпараттық және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін жетілдіруіміз қажет.

 

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу