Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Ресей Федерациясына ресми сапармен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Ресей Федерациясына ресми сапармен барды

22.05.2018

Онда Ресейдің Мемлекеттік Дума төрағасы Владимир Володинмен кездесіп, алыс-беріс, барыс-келіс мәселелерін талқылады. Екі елдің арасындағы ынтымақтастықты дамыта түсу жолдарын қарастырды, бұл орайда әрине, парламентаралық байланыстың орны ерекше. Ал, Мемлекеттік Думада «Қазақстан мен Ресей, ғасырларға жалғасқан достық» атты көрменің ашылуына қатысты.

«Қазақстанның Ресей Федерациясымен қарым-қатынасы мемлекетаралық байланыстың эталоны саналады, стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың жарқын үлгісі ретінде қызмет етеді. Біздің тығыз ынтымақтастығымыздың арқасында Еуразиялық экономикалық одақ интеграциялық бірлестігі табысты жұмыс істеп тұр».

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев

1992 жылғы қазанда Қазақстан мен Ресейдің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады.  Содан бері екі елдің арасында жалпы саны 300-дей екіжақты келісімшартқа қол қойылды. Ресей Қазақстанның сауда серіктестері арасында көш бастап тұр.  Елдің  бүкіл сыртқы сауда айналымының 20,6 пайызы солтүстік көршімізге келеді. 2017 жылдың қорытындысы бойынша сауда айналымы 2016 жылмен салыстырғанда 25,6 пайызға артты.

Қазақстан елі ширек ғасырда төрткүл дүниеге түгелдей танылды. Өз орны, ұстанған бағыты, жеткен жетістіктері бар. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Ресей Федерациясына ресми сапармен барды. Алдымен Ресейдің Мемлекеттік Думасының спикері Вячеслав Володинмен кездесті. Екі елдің парламенттері әріптестікті одан әрі бекіте түсуге ниетті. Мәжіліс төрағасының айтуынша, Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының маңызды буыны –  сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстар дамып, сенімді саяси диалог  орнаған. Бұл ең алдымен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей басшысы Владимир Путиннің бірлескен еңбегінің нәтижесі, өзара түсіністіктің жемісі. Екіжақты кездесу барысында 14 мамырда Сочиде өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында айтылған маңызды бағыттар талқыланды.

Оның ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы, Қара және Каспий теңіздерін су жолымен байланыстыруға мүмкіндік беретін «Еуразия кеме арнасы» құрылысы мен Еуразия» жоғары жылдамдықты темір жолы магистралі жобасының екі елдің және жалпы Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында көліктік-транзиттік әлеуетті арттыратыны айтылды. Мәжіліс спикері «Қазақстан мен Ресей президенттерінің жұмысына заңнамалық тұрғыдан қолдау көрсетуіміз қажет», -  деді.

Леонид Калашников,  РФ Мемлекеттік Думасының депутаты:

- Назарбаев секілді адам жобаларға қажеттілік пен жарамдылық тұрғысынан қарайды, екінші жағынан, шынымен геосаяси тұрғыдан ойлайтын адам. Ол бұл жобаның мерзімі ұзақ екенін, ондаған емес,  жүздеген жыл теңізді де, мемлекеттерді де байланыстыратынын жақсы түсінеді. Осындай геосаяси көрегендікпен басталған іс жуық арада жүзеге асса, тамаша болар еді.

Валентина Терешкова,  РФ Мемлекеттік Думасының депутаты:

- Біздің мемлекетіміздің барлық тұрғындары Қазақстан мен оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа зор құрмет және сыйластықпен қарайды. Мен оған зор ілтипатпен қарап, үнемі мынаны ойлаймын, ол – өз халқының әл-ауқатын ойлайтын және Ресеймен қарым-қатынасқа үлкен ықыласпен қарайтын ұлы қайраткер.

Ирек Зиннуров, РФ Мемлекеттік Думасының депутаты:

- Қазақстан туралы айтқанда ойыңда Нұрсұлтан Назарбаев тұрады. Өйткені, көптеген өзгеріс, мысалы, Астананың өзін алсақ, Президенттің бастамасымен жүзеге асты. Мен Астанада болдым, ол – ғажайып қала.

Мәжіліс пен мемлекеттік думаның серіктестігі жөніндегі парламентаралық комиссияның оныншы отырысында да қазақ-орыс байланысының өзекті сұрақтары әңгіме өзегіне айналды. Екі елдің мерейтойлық кездесуі парламентаралық байланыстың жарқын үлгісі іспетті. Шекаралық қарым-қатынас, көлік, логистика, инновация және экономиканы цифрландыру мәселелері күн тәртібіне қойылды. Осы орайда Нұрлан Нығматулин цифрландыруды Президенттің биылғы Жолдауындағы бағыттарының бірі екенін тілге тиек етті.

«Қазақстан мен Ресей, ғасырларға жалғасқан достық». Осындай тақырыппен Мемлекеттік Думадағы  фотокөрмеде екі елдің мызғымас достығы жарқын көрініс тапты. Фотокөрмені Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мен Ресейлік әріптесі Вячеслав Володин ашты.

Көрмеде екі мемлекеттің Тәуелсіздік алғалы алғаш қарым-қатынасының орнаған сәті бейнеленген. Онда Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенттерімен кездесулері, маңызды стратегиялық құжаттарға қол қою, Қазақстан көшбасшысының Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі сөз сөйлегені бар.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Біздің мемлекеттердің басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің өте жоғары деңгейдегі сенімі туралы айта отырып, Қазақстан мен Ресей бүгінде ең жақын, өте бауырлас елдер ретінде мемлекетаралық қатынастың үлгісін көрсетіп отыр. Ол – біздің бүгінгі және болашақ жетістігіміздің кепілі.

Вячеслав Володин, РФ Мемлекеттік Думасының төрағасы:

- Біздің мемлекеттердің басшылары үнемі кездесіп, шешімдер қабылдайды, яғни, біздің парламенттер үшін мемлекеттер басшылары қабылдаған шешімдерді заңнамалық тұрғыдан реттеуді қамтамасыз ету маңызды.

Еуразияның жүрегі, Тәуелсіздіктің тірегі – Астанаға да баса назар аударылған. Суреттер 20 жылда әлемді өзінің сұлулығымен тәнті еткен бас қаланың қалыптасу тарихын көрсеткен. Бұл стенд қонақтардың тарапынан жоғары қызығушылық туғызды.  Көрмені тамашалағандар Қазақстанның жас та болса, әлемдік аренада абыройының асқақтағанын айтты. Осының барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңселі еңбегі мен сарабдал саясатының жемісі екеніне тағы бір рет тоқталды.

Индира БЕГАЙДАР

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу